
Астанада Еуропалық одақтың қолдауымен «Shanyraq» атты ауқымды жобаның тұсауы кесілді. Үш жылға жоспарланған бастама еліміздегі мұқтаж жандардың лайықты баспанаға ие болу құқығын іске асыруды көздейді.
2026 жылғы 29 сәуірде елордадағы «Отбасы Банк» АҚ бас кеңсесінде маңызды іс-шара өтті. Жиынға мемлекеттік органдар, халықаралық ұйымдар, қаржы институттары мен құрылыс компанияларының өкілдері қатысып, тұрғын үй мәселесін шешудің жаңа жолдарын талқылады.
Баспана – таңдаулылардың емес, баршаның құқығы
Еуропалық одақ өкілдігінің өкілі Хуана Мера Кабелло ханым атап өткендей, жобаның негізгі мақсаты – инклюзивті қоғам құру.
«Қауіпсіз, лайықты әрі қолжетімді баспана бұл – таңдаулылардың ғана емес, әр адамның ажырамас заңды құқығы. Біз «Shanyraq» жобасы аясында осы құқықтың Қазақстандағы әрбір азаматы үшін қолжетімді ету мақсатында серіктестердің басын қосамыз», – деді ол.
Жоба кімдерге бағытталған?
Жоба аясында арнайы жұмыс тобы құрылып, келесі санаттағы азаматтардың баспана мәселесін зерттейтін болады:
- Мүгедектігі бар жандар және мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналар;
- Көпбалалы отбасылар мен жалғызбасты ата-аналар;
- Балалар үйінің түлектері.
Бұл зерттеулер жай ғана статистика емес, мемлекеттік саясатты өзгертуге және тұрғын үй бөлу тетіктерін жетілдіруге негіз болатын практикалық ұсыныстарға айналады.
«Shanyraq» жобасының негізгі мақсаттары мен бағыттары
Жобаны Орталық Азияның Еуразия Қоры (ОАЕҚ), «iTeachMe» қоры және «Nomad Rights» құқық қорғау ұйымы бірлесе жүзеге асыруда.
Жоба 36 ай (2026 жылғы қаңтар – 2029 жылғы қаңтар) жүзеге асады. Жалпы бюджет 578 947 еуроны құрайды, оның 550 000 еуросын Еуропалық одақ бөлген. Кемінде 400 адамның тұрғын үйге қолжетімділігін тікелей жақсарту.
Тек баспана емес
Жоба тек үй алуға көмектесіп қана қоймай, азаматтардың қаржылық және құқықтық сауаттылығынарттыруға басымдық береді. Сондай-ақ, мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам арасындағы диалогты нығайтып, тұрғын үй саясатын ашық әрі тиімді ету көзделген.
Бұл бастама Қазақстандағы әлеуметтік әділдікті орнату мен әрбір азаматтың өз үйі болуына жасалған маңызды қадам болмақ.