
FlyArystan әуе компаниясы 2026 жылғы 31 мамырдан бастап Астана мен Үрімші қалалары арасында ұшақ қатынай бастайтынын хабарлады.
Қытайға жаңа рейс
Сұранысқа ие халықаралық бағыттардың бірі қайтадан ұшу кестесіне енгізілді. Үрімші – Қытайдың Шыңжаң Ұйғыр автономиялы өлкесінің әкімшілік, экономикалық және мәдени орталығы.
Әуе компаниясы жаңадан ашылған рейс Қазақстан мен Қытай арасындағы әуе байланысын нығайта түседі деп сипаттады.
«Астана – Үрімші рейсінің қайта жандануы – тобымыздың мемлекеттік органдармен бірлесіп жүргізген ауқымды әрі жүйелі жұмысының нәтижесі. Біз үшін бағыттарды жай ғана қайта ашу емес, тұрақты көлік байланысын қамтамасыз етіп, жолаушылардың нақты сұранысын қанағаттандыру маңызды», – дейді FlyArystan президенті және бас атқарушы директоры Йохан Эйдхаген.
Ұшақ кестесі
Рейстер 2026 жылғы 31 мамыр мен 23 қазан аралығында аптасына үш рет орындалады. Астанадан Үрімшіге – сейсенбі, бейсенбі және жексенбі күндері, ал кері бағыттағы рейстер – дүйсенбі, сәрсенбі және жұма күндері.
Әуе компаниясы осы бағаттағы рейсті алғаш рет 2023 жылғы қыркүйекте іске қосқан. Биыл соны қайта қолға алған. Екі ірі қала арасындағы тікелей әуе қатынасы Қазақстан мен Қытай жолаушылары ағынын арттырып, туристік және іскерлік байланыстарды дамытады.
Билеттер компанияның ресми сайтында сатылып жатыр. Стандарт тарифке салмағы 7 келіге дейін (өлшемі 56×23×36 см-ден аспайтын) бір дана қолжүгі кіреді.
Осының алдында FlyArystan жаздың аяғына дейін Дубайға қатынайтын рейстерін тоқтатқан.