
30 сәуірде әлем нарығында Brent маркалы мұнай бағасы 122 долларға дейін көтерілді. Шикізат бір аптада шамамен 18 долларға, ал бір тәулікте шамамен 4 долларға қымбаттады.
Қазір нарықта Brent маркалы мұнайдың бір баррелі 122,70 доллардан сатылып жатыр. Оның бағасы бір күнде 3%-ға көтерілген.
Шикізаттың қымбаттауына Таяу Шығыстағы геосаяси жағдайдың ушығуы әсер етті. Өйткені АҚШ-тың Ирандағы блокадасының мерзімі ұзарып, маңызды мұнай жолы – Ормұз бұғазындағы ахуал шиеленісті. Мұнай экспорттаушы елдердің қоры сарқылып бара жатыр. Мұндай жағдай сұранысты арттырып, бағаның одан сайын көтерілуіне әсер етеді.
Оның үстіне Біріккен Араб Әмірліктерінің ОПЕК құрамынан шығатыны туралы мәлімдемесі де бағаны көтермеледі.
Қазақ мұнайын Батысқа жеткізетін Каспий құбыр консорциумы (КҚК) және Новороссийск портында жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Ол да экспортты шектеді.
Украина Ресейдегі мұнай инфрақұрылымдарын атқылауды жалғастырып келеді. Украин президенті Владимир Зеленский әріптестерінің мұнай терминалдарын атқыламау туралы ұсынысынан бас тартқан. Мәселен, 29 сәуірде дрондар қазақ-орыс шекарасына жақын маңдағы Орск қаласындағы ірі мұнай өңдеу зауытын атқылаған. Қазақстанның батысына белгісіз дрон құлаған.
Осы факторлар мұнай бағасының 122 долларға дейін көтерілуіне әкеп соқтырды. Мұндай қымбат баға соңғы рет 2022 жылғы жазда тіркелген. Оған Ресейдің Украинаға басып кіруі, COVID-19 шектеулері алынған уақытта әлем белсенділігінің артуы себеп болған.