
BI Group негізін қалаушы және мажоритарлы акционері Айдын Рахымбаев BI Group компаниясында 20 жылдан астам еңбек еткен Қостанай облысының математика пәні мұғалімі Мұхамеджан Әбішевке компанияның дамуына қосқан үлесі үшін алғыс ретінде акциялар пакетін сыйлады.
«Таныс болыңыздар, Мұхамеджан Әбішев, BI-да 20 жылдан астам жұмыс істеді, бізге математика мұғалімі болып келген еді… Әрине, біз оның компаниямыздың дамуына қосқан үлесін атап өтпей тұра алмадық және оған акциялар пакетін бердік», – деп жазды Рахымбаев Facebook-тегі парақшасында.
Кәсіпкердің айтуынша, Әбішев бастапқыда жақын арада зейнетке шығатынын айтып, бұл акциялар пакетін жас әрі болашағынан үміт күттіретін мамандарға беруді ұсынып, бас тартқан.
«Міне, осындай қарапайым, ұстанымды, кең пейілді адам, тәлімгер! Бұл оның адал еңбегі мен компанияға да, адамдарға да қосқан елеулі үлесіне деген құрмет пен алғыс», – деді Рахымбаев.
Оның сөзіне қарағанда, Әбішев 2000-шы жылдардың басында, елордада құрылыс қарқын алған тұста, балаларына жақсы болашақ сыйлау үшін Қостанай облысынан Астанаға көшіп келген. Жұмыс іздеген математик BI-ға қатардағы жабдықтау маманы болып орналасып, кейін жоба жетекшісі, дивизион директоры, Астана, Алматы, Шымкент қалаларындағы жобалар директоры деңгейіне дейін көтерілген, сондай-ақ, үш жыл бойы компанияның Ташкенттегі кеңсесін басқарған.
Рахымбаев Әбішевтің әрқашан өз білімімен, тәжірибесімен және дана кеңестерімен жастармен бөлісіп, жас әріптестерін бағыттап, тәрбиелеп отырғанын атап өтті.
«Арнайы кешкі ас кезінде Мәкеге құрмет көрсетілгенде, бүкіл зал орнынан тұрды. Олардың көбін сол кісі тәрбиелеген. Жігіттер де, Мәке де, мен де көзімізге жас алдық. Әріптестері оны осыншалықты қатты құрметтейді және бағалайды, бұл көп нәрсені білдіреді! Ол акционер болды және өз үлесін лайықты сыйақыға өткізіп, жаңа буынға жол беруді ұйғарды», – деп жазды Рахымбаев.
2025 жылы Әбішев құрметті демалысқа шығуға жиналғанда онымен сөйлесіп, нәтижесінде қызметкерлер оны қалуға көндіре алған.
«Кез келген қаланы таңдауға мүмкіндік бердік. Тағы да еңбек етеді, бірақ енді жаңа салада – Алматыдағы тренинг-орталығының директоры болды. Ол жерде өзінің тәлімгерлік және ұстаздық миссиясын жалғастырады. Ол әлі де көптеген біздің «биайлықтарды» тәрбиелеп, өсуіне көмектесетініне сенімдімін!» – деді Рахымбаев.
BI Group – Қазақстандағы ең ірі құрылыс компаниясы. Топ, сонымен қатар, Өзбекстан мен АҚШ-та тұрғын үй салады. Айдын Рахымбаев Forbes нұсқасы бойынша 2025 жылғы (мамыр) ең дәулетті қазақстандықтар тізімінде 967 миллион доллар байлығымен 10-шы орында тұр. 2026 жылы тізімнің жаһандық нұсқасында оның байлығы 1,1 миллиард долларға жетті.
Forbes-тің 2026 жылғы жаһандық миллиардерлер рейтингіне екі қазақстандық бай азамат қосылған еді. Тізімге алғаш рет дәулеті 1 млрд доллардан асқан кәсіпкерлер Нұрлан Смағұлов пен Айдын Рахымбаев енді.