Жаңалықтар

Қазақстанда Орталық Азиядағы ең ірі деректер өңдеу орталығы салынады

фото: Жасанды интеллект және даму министрлігі

Қазақстанда жасанды интеллект пен бұлттық технологияларды дамытуға бағытталған жаңа ірі жоба басталуы мүмкін. Елдің Цифрлық даму министрлігі, Қазақтелеком және Абу-Дабиде орналасқан Aleria компаниясы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Келісім аясында Павлодар облысындағы Екібастұз қаласында ірі деректерді өңдеу орталықтарының кешенін салу жоспарланып отыр. Кешен Data Center Valley деп аталады. Жоба іске асса, Орталық Азиядағы ең қуатты дата-орталықтардың біріне айналуы мүмкін. Мұндай орталықтар үлкен көлемдегі ақпаратты сақтау мен өңдеуге мүмкіндік береді және жасанды интеллект жүйелерінің жұмыс істеуі үшін негізгі инфрақұрылым саналады.

Жоба Қазақстанды аймақтағы цифрлық хабқа айналдыруды көздейді. Яғни, деректерді шетелге тәуелді болмай, ел ішінде сақтау және өңдеу мүмкіндігі артады. Бұл «егеменді бұлт» және «егеменді ЖИ» деп аталатын бағытқа жатады. Технология мен деректер елдің ішінде бақылауда болады.

Тараптар инвестиция тарту, технологияларды Қазақстанға бейімдеу және мамандар арасында тәжірибе алмасу мәселелерін қарастырып отыр. Егер жоба толық жүзеге асса, ол елдегі цифрлық инфрақұрылымды күшейтіп, жасанды интеллектіні дамытуға қосымша мүмкіндік береді.

Aleria – штаб-пәтері Абу-Дабиде орналасқан, егеменді ЖИ инфрақұрылымы мен платформалары саласындағы компания. NVIDIA және DDN компанияларымен серіктестікте жұмыс істейді.

Кеше ғана Тоқаев NVIDIA және Firebird AI компаниясы өкілдерімен кездескен. Президент инвесторларға  Екібастұз қаласында Деректерді өңдеу орталығын құру жобасын таныстырды. Екі тарап Қазақстанда ЖИ-экожүйесін дамыту бойынша бірлескен бастамаларды егжей-тегжейлі зерделеуге келісті.