
Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров Қазақстанға келді. Бұл туралы Ресейдің Қазақстандағы елшілігі хабарлады. Ол Тоқаевтың қабылдауында болып, Сыртқы істер министрімен келіссөздер жүргізбекші.
Ресей СІМ-нің ақпарат және баспасөз департаментінің директоры Мария Захарова мәліметінше, кездесулер барысында назар Қазақстан мен Ресей арасындағы жан-жақты стратегиялық әріптестік пен одақтастықты нығайту мәселелеріне, сондай-ақ алдағы жоғары деңгейдегі байланыстар аясындағы ынтымақтастыққа аударылады.
Екі тарап саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы байланысты күшейту, сондай-ақ ортақ интеграциялық алаңдардағы өзара іс-қимыл мәселелерін талқыламақшы. Атап айтқанда, Еуразиялық экономикалық одақ, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы және Шанхай ынтымақтастық ұйымы аясындағы ынтымақтастық сөз болады.
Сондай-ақ министрлер өзара қызығушылық тудыратын өңірлік күн тәртібі бойынша пікір алмасып, өзекті халықаралық мәселелерді талқылайды.
Айта кету керек, биыл Ресей президенті Путин де Қазақстанға келуі мүмкін. Бірақ нақты қай уақыт екені белгісіз.