
Ресей экономикасы 2026 жылдың алғашқы тоқсанында өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 0,3 пайызға төмендеді. Соған қарамастан, Экономикалық даму министрлігі наурыз айында елдің жалпы ішкі өнімі 1,8 пайызға өскенін хабарлады. Бұл ақпан айындағы құлдыраудан кейінгі жақсы көрсеткіш. Маусымдық өзгерістерді есепке алмағанда, көрші елдің наурыздағы экономикалық өсімі алдыңғы аймен салыстырғанда 1,4 пайызды құрады.
Халықтың сатып алу белсенділігі
Наурыз айында ресейліктердің тауар сатып алу белсенділігі айтарлықтай артты. Бөлшек сауданың 6,2 пайызға өсуіне әсіресе жеңіл автомобильдер, дәрі-дәрмектер мен киім-кешек саудасының қызуы үлкен әсер етті. Мәселен, автокөлік саудасы 42 пайыздан астам өсім көрсетсе, дәрі-дәрмек сатылымы 14 пайызға артқан. Жалпы алғанда, жылдың алғашқы үш айында бөлшек сауда 3,6 пайызға өсті.
Бағаның өсуі және жұмыссыздық
Ресейдегі инфляция наурыз айында 5,86 пайызды құрап, ақпан айымен салыстырғанда сәл бәсеңдеді. Сәуір айының соңына қарай көрсеткіш 5,72 пайызға дейін төмендегені байқалады. Жыл басынан бері бағалар жалпы 3,21 пайызға қымбаттады. Сонымен қатар, елдегі жұмыссыздық деңгейі өте төмен көрсеткіште, яғни 2,2 пайыз көлемінде сақталып отыр.
Үкіметтің ұстанымы мен қорытынды
Ресей үкіметінің басшысы Михаил Мишустин ел сыртқы санкциялар мен қысымдарға қарамастан дамып жатқанын атап өтті. Оның мәліметінше, ел экономикасы өткен жылы 1 пайызға өскен, ал соңғы үш жылдағы жалпы өсім 10 пайыздан асып, әлемдік даму қарқынымен теңескен. Министрлік бұған дейінгі болжамдарын нақты деректер негізінде жақсартып, экономиканың қалпына келу процесі жүріп жатқанын алға тартады.
Бұған дейін, Ресей билігі бүкіл бір жылға жоспарлаған бюджет тапшылығының межесінен асып түскенін жазғанбыз.