
Сенат жануарларға жауапкершілікпен қарау мәселелері бойынша заңға енгізілген түзетулерді қабылдамай, мәжіліске кері қайтарды. Сенаторлар бірнеше өзгерістерді ұсынып отыр.
«Эвтаназия» терминін қолданудан бас тарту керек
Бұған дейін Мәжіліс ұсынған заң жобасында иесіз жануарларды ұстағаннан кейін бес тәулік ішінде эвтаназия қолдануды ұсынған еді. Сенаторлар бұл терминнен де, бес тәулік ішінде эвтаназия жасаудан да бас тартуды ұсынды. Бұған қатысты мәселені әр өңірдің мәслихаттарының қарауына беру керек деген пікір айтылды.
Жануарларды чиптеуге қатысты ереже өзгеруі қажет
Сенаторлар «иесіз жануарлар» ұғымына да назар аударды. Мәжіліс депутаттары чипі жоқ ит пен мысықтың барлығын иесіз жануар деп қабылдауды ұсынған еді. Бірақ Сенат депутаттарының сөзінше, чип оның иесі жоқ дегенді де білдірмейді. Сондықтан иесіз жануардың негізгі белгісі ретінде чип сияқты есепке алу құралының болуы емес, оның иесінің болмауы қарастырылуға тиіс екені айтылды.
Енді мәжіліс депутаттары түзетулерді ескере отырып, заң жобасын қайта толықтыруы керек.
«Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң жобасы – осы айдағы даулы құжаттардың бірі болды. Мәжіліс 2022 жылы қабылданған жобаға бірқатар өзгерістер енгізген. Депутаттар бұралқы иттердің адамға шабуылдауы, бұралқы иттер саны да өскенін айтып, қайтарымсыз аулау моделі ұсынды.
Басты өзгерістің бірі иесіз жануарлар ұсталғаннан кейін табиғи ортаға жіберілмей, арнайы орында ұсталады. Егер бес тәулік ішінде іздеушісі болмаса, онда эвтаназия жасалады. Енді елдегі ит-мысықтарды міндетті түрде чиптеу керек деген ұсыныс та айтылды.
Бірақ белсенділер, құқық қорғаушылар заң жобасы жануарларға гуманды көзқарастан әлдеқайда алыс екенін айтып, қарсы болған.