
Астанада 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне орай қала тұрғындары мен қонақтарға арналған фестивальдер, концерттер, жәрмеңкелер, спорттық және отбасылық іс-шаралар өтеді.
Мерекеге орай елордалықтар үшін ауқымды әрі мазмұнды бағдарлама әзірленді. Әкімдіктің хабарлауынша, барлығы 60-қа жуық іс-шара жоспарланып отыр.
Негізгі мерекелік іс-шаралар 1 мамыр күні өтеді. Бұл күні Достық үйі алаңында «Қазақстан – бірлік мекені» фестивалі ұйымдастырылады. Қонақтарға ұлттық тағамдар, қолөнер көрмелері, шеберлік сағаттары мен концерттік бағдарлама ұсынылады.
Қаланың бірнеше танымал орындарында концерттік бағдарламалар өтеді:
- «Жетісу» саябағында,
- Есіл өзені жағалауындағы Арбат аумағында,
- «Жастар» сарайында.
Сондай-ақ, «Жерұйық» саябағында ұлттық спорт түрлерінен жарыстар, ал «Жағалау-3» тұрғын үй кешенінде шахмат турнирі өтеді.
Спортсүйер қауым үшін Триатлон паркінде жазғы маусымның ашылуы өтеді. Бағдарламада 5 шақырымдық жаппай жүгіру, 400 метрлік балалар жарысы, скандинавиялық жүріс, сондай-ақ футбол, волейбол және баскетбол (5×5) спорт түрлерінен командалық турнирлер бар.
Сонымен қатар ашық жаттығулар (йога, street workout, жекпе-жек өнері) мен жеке күш сынасу жарыстары өтеді.
Мерекелік іс-шаралар 2–3 мамыр күндері сауда ойын-сауық орталықтарында жәрмеңкелер мен концерттермен жалғасады.
Еске салсақ, осыған дейін Алматыда мереке күні қандай іс-шаралар өтетіні жайлы хабарлаған едік.