
Түркістан облысы полиция департаменті қарызы бар автокөліктерді анықтау үшін дрондарды қолдана бастады.
Өңірлік полиция департаментінің мәліметінше, қоғамдық тәртіпті сақтау және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында заманауи технологиялар пайдаланылуда.
Жұмыста ұшқышсыз ұшу аппараттары мен «Қорғау» ақпараттық жүйесі қолданылып, олар құқық бұзушылықтарды жедел тіркеуге және жол қозғалысын бақылауға мүмкіндік береді.
Рейд шараларының бірінде дрон арқылы қарызы бар Changan маркалы көлік анықталып, арнайы айып тұрағына қойылған. Сондай-ақ ең үлкен берешегі бар Chevrolet Monza автокөлігі де тіркелген.
«Мәселен, Қазығұрт ауданының полициясы Д.Қонаев көшесінің бойында бейнебақылау камераларына түскен «Hyundai Elantra» маркалы автокөлікті тоқтатты. Аталған көлік иесінің жалпы сомасы 432 000 теңге көлеміндегі әкімшілік айыппұлын төлемегені анықталды. Яғни 6 рет жылдамдықты арттыру бойынша және жол қозғалысы кезінде ұялы телефон қолданып құқық бұзғанына байланысты берешегі тіркелген. Автокөлік айып тұраққа қойылып, иесіне заңды шарасы қабылданды», – деп хабарлады облыстық полиция департаменті.
2026 жылдың басынан бері өңірде қарызы бар 2500-ден астам автокөлік арнайы тұрақтарға қойылған.
Ведомствоның мәлімдеуінше, құқық бұзушылардың көбі көлік жылдамдығын асыру фактілерімен байланысты.
Айта кетейік, полиция «Қауіпсіз жол» шарасы аясында жүргізушілерді жіті тексеріп жатыр. Көлік иелері осы рейд барысында айыппұл арқаламас үшін алғашқы көмек қобдишалары, қауіпсіздік жилеттері мен өрт сөндіргіш құралдарды жаппай сатып алып жатыр. Осының әсерінен Шымкент пен Таразда бұл заттарға сұраныс артып, бағасы қымбаттап кеткен.