
Араға тура жиырма жыл салып, кинотеатрларға аты аңызға айналған туындының жалғасы – «Prada киген Әзәзіл 2» (The Devil Wears Prada 2) шықты. 2006 жылы шыққан алғашқы бөлім 35 млн доллар бюджетпен 325 млн астам табыс тауып, хитке айналған еді. Ендігі кезекте жалғасының да кассалық рекордтарды жаңартуға мүмкіндігі зор.
Актерлердің қайта оралуы
Көрерменді алдымен таңқалдырғаны басты рөлдегі актрисалардың кейпі. Жиырма жыл өтсе де, Миранда Пристли мен Энди Сакстың бейнесін сомдаған жұлдыздар өздерінің таныс болмысын сақтап қалған. Екі сағаттық фильм барысында таныс актерлермен бірге өткен күндерді еске түсіріп, ностальгияға бөлену көрермен үшін үлкен сый болды.

Фильмнің сюжеті
Егер бірінші фильм Лорен Вайсбергердің бестселлеріне негізделсе, екінші бөлім бүгінгі шынайы өмірмен тығыз байланысты. Фильмде қазіргі медиа әлемінің ең өзекті мәселелері көтеріледі:
Басылымдардың оқырман жоғалтуы және дәстүрлі баспа өнімдерінің құлдырауы. Жаңа технологиялар мен жасанды интеллектің журналистика мен сән әлеміне қалай әсер етіп жатқаны жан-жақты көрсетіледі.
Сюжеттің бір бағыты Энди Сакстың өз бұрынғы бастығы Миранда Пристли туралы кітап жазу туралы ұсыныс алуына құрылған (бұл нақты өмірдегі Вайсбергер мен Анна Винтурдың хикаясына ұқсас). Фильмде Миранданың беделіне қауіп төндіретін жаңа кедергілер өте көп. Сән патшайымының заманауи цифрлық әлемде өз орнын қалай сақтап қалатыны – фильмнің басты интригасы.
Фильмнің жарыққа шығуымен қатар келген тағы бір айтулы оқиға туындының басты жұлдыздары Стэнли Туччи мен Эмили Бланттың Голливудтың «Даңқ аллеясында» өз жұлдыздарына ие болды.

Әріптестерін құттықтауға Мерил Стрип, Дуэйн Джонсон, Мэтт Деймон және Роберт Дауни кіші сияқты әлемдік кино жұлдыздары арнайы келді.
«Prada киген Әзәзіл 2» – өзгерген заман мен ескірмейтін стильдің арасындағы үлкен текетірес. Фильм алғашқы аптасында-ақ кассалық рекорд орнатары сөзсіз.
Еске сала кетейік, өткен аптада ең көп касса жинаған фильмдердің арасында Құралай Анарбекованың «Періште» фильмі бірінші орында тұрған еді.