Жаңалықтар

Комада жатқан науқастарға мүгедектік рәсімдеу жеңілдейді

Фото: Shutterstock

Қазақстанда комада жатқан науқастар үшін мүгедектікті рәсімдеу тәртібін жеңілдету көзделіп отыр. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу және төлемдерді тағайындау қағидаларына қатысты бірқатар өзгеріс әзірледі.

Ведомство әзірлеген түзетулердің негізгі мақсаты – әкімшілік кедергілерді азайтып, азаматтардың әлеуметтік қолдау шараларына қолжетімділігін арттыру.

Жаңа нормаларға сәйкес, комада жатқан науқастың атынан медициналық-әлеуметтік сараптамаға өтінішті енді оның жақын туыстары не жұбайы тапсыра алады. Бұған дейін бұл процесс қиындық туғызатын, себебі науқастың өзі құжаттарды рәсімдеуге қатыса алмайды.

Ұсынылған түзетулер төмендегідей мүмкіндіктерге жол ашады:

  • мүгедектік мәртебесін жедел анықтауға;
  • мемлекеттік жәрдемақыларды дер кезінде рәсімдеуге;
  • әлеуметтік көмекті алу процесін барынша ашық әрі қолжетімді етуге.

Сала мамандарының пікірінше, бастама халықтың осал санаттарының құқықтарын қорғауды нығайтып, әлеуметтік қолдау жүйесінің нәтижелілігін арттыруға ықпал етеді.

Қазіргі уақытта бұйрық жобасы «Ашық НҚА» порталында қоғамдық талқылауға шығарылды.

Еске салайық, жұмыс істейтін мүгедектігі бар адамдарға табыс салығы жеңілдетілді. Егер бұрын жұмыс істейтін мүгедектігі бар адам үшін шегерімнің жалпы шегі 882 АЕК болса, жаңа түзетуде бұл шама үшінші топтағы мүгедектік үшін сақталған. Бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар қызметкер үшін шегерім мөлшері 5000 АЕК-ке дейін ұлғайтылды.