Жаңалықтар

Ақтау теңіз портының бұрынғы президенті сот залында босатылды

Ақтау теңіз-сауда портының президенті ұсталды
Абақтыда бір жыл отырған шенеунік еркіндікке шықты / фото: Ақтау портының баспасөз қызметі

Ақтау теңіз портының бұрынғы басшысы Абай Түрікпенбаев бостандыққа шықты. Ол бір жыл бұрын қызмет бабын асыра пайдаланды деген күдікпен ұсталған.

Порт бастығы еркіндікке шықты

Ақтау қалалық соты істі жарты жылдан астам уақыт қарап, 6 мамырда үкім шығарды. Бұған дейін Түрікпенбаевқа аса ірі көлемде алаяқтық жасау, қылмысқа көмектесу, сонымен бірге қызмет бабын асыра пайдалану айыптары тағылған. Алайда сот алғашқы екі айып бойынша шенеуніктің кінәсі дәлелденбеді деп тапты. Сот барысында іс қызметке салғырттық таныту бабына ауыстырылды.

Осылайша сот порттың бұрынғы басшысын екі жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Бұған қоса, ол өмір бойы мемлекеттік қызметке орналаса алмайды.

Түрікпенбаев 2025 жылғы сәуірден бастап қамауда отырды. Заң бойынша, тергеу изоляторындағы бір күн түрмедегі екі күнге тең. Соған байланысты сотталушы жазасын өтеді деп танылып, сот залынан босатылды.

Айта кетейік, соттағы жарыссөз барысында мемлекеттік айыптаушы соттан Түрікпенбаевты 8 жылға соттауды сұраған.

Тағы үш адам сотталды

Қылмыстық істегі қалған үш адамға да айыптау үкімі шықты. Порттың коммерциялық директоры Ахмад Мұстафин алаяқтық жасағаны, сонымен бірге өте сирек кездесетін жануарларға зәбір көрсеткені үшін кінәлі деп танылды. Ол 4 жыл 6 айға сотталды. Өмір бойы мемлекеттік қызметке тұра алмайды.

Нүркен Мақсат пен Бақытбек Бақтыбаевқа қызмет бабын асыра пайдалану, қылмысқа көмектесу айыптары тағылған. Сот олардың еркіндігін бір жылға шектеді.

Ақтау қалалық соты теңіз портының азаматтық шағымын ішінара қанағаттандырды. Үкімге сәйкес, Мұстафин 2,2 млрд теңге, ал Түрікпенбаев, Мақсат, Бақтыбаев шамамен 1,8 млн теңге көлеміндегі шығынды өтеуге тиіс.

Сот үкімі заңды күшіне әлі енген жоқ. Тараптар оған шағым түсіре алады.

Ақтау теңіз портының бұрынғы басшысы 2025 жылғы сәуірде ұсталғанымен, оның қамауға түскені мамырдың аяғында ғана мәлім болды. Ал бұрынғы шенеунік не себепті ұсталғаны маусымның басында ғана хабарланды.