Жаңалықтар

Алматы әкімдігі жер сілкінісіне қарсы Жапонияның тәжірибесін қолданбақ

Жер сілкінісі қаупін ескертетін дабыл құрылғысы / фото: shutterstock
Жер сілкінісі қаупін ескертетін дабыл құрылғысы / фото: shutterstock

Алматы қаласында БҰҰ Даму бағдарламасы (БҰҰДБ), Төтенше жағдайлар және қатерлерді азайту орталығы мен Жапония сарапшыларының қатысуымен маңызды кездесу өтті. Жиын барысында Жапония үкіметі қаржыландыратын «Орталық Азия өңіріндегі апаттар қаупін азайту жүйесін нығайту» атты аймақтық жобаны іске асыру тетіктері талқыланды.

Кездесуде қала әкімдігі мен БҰҰ Даму бағдарламасы арасындағы серіктестік мәселелері сөз болды. Басты назар Алматының жер сілкіністеріне төзімділігін арттыру және сейсмикалық тәуекелдерді басқарудағы Жапонияның әлемдік деңгейдегі озық тәжірибесін енгізуге аударылды.

Жапон сарапшыларының кеңесі

Жапониядан келген мамандар жер сілкінісін болжау әлемдегі ең күрделі міндеттердің бірі екенін атап өтті. Сондықтан, олардың пікірінше, апаттың зардаптарын азайтудың ең сенімді жолы халықтың хабардарлығын арттыру және қауіпсіздік шараларына алдын ала дайындалу.

Жиын қорытындысы бойынша тараптар әріптестікті одан ары дамытуға және аталған жобаны кезең-кезеңімен жүзеге асыруға дайын екендіктерін білдірді.

Бұған дейін Жапонияның солтүстік-шығысында жойқын жер сілкінісі болды.