Жаңалықтар

Мұрат Ергешбаев Қызылорда облысының әкімі қызметіне тағайындалды

Мұрат Ергешбаев, Қызылорда облысының әкімі
Қызылорда облысын сол өңірде туған саясаткер басқарады / фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

Мемлекет басшысының жарлығымен Мұрат Ергешбаев Қызылорда облысының әкімі лауазымына тағайындалды. Бұл туралы Ақорда хабарлайды.

Жаңа әкімді өңір тұрғындарына премьер-министрі Олжас Бектенов таныстырды. Үкімет басшысы бұрынғы әкім Нұрлыбек Нәлібаевқа облысқа сіңірген еңбегі үшін алғыс айтты.

Мәліметтерге қарағанда, Қызылорда облысының әкімі қызметіне екі адам таласқан. Екінші үміткер – облыс әкімінің орынбасары Ардақ Зебешев. Өңір мәслихатындағы депутаттардың 81%-ы Ергешбаевқа, қалғаны Зебешевке дауыс берген.

60 жастағы саясаткер Мұрат Ергешбаев Қызылорда қаласында туған. Алматы халық шаруашылығы институтын бітірген.

Ол Сыр өңірін жақсы біледі. Мәселен, 2008-2010 жылдары Қызылорда қаласының әкімі болса, әр жылдары өңірдің Қармақшы, Шиелі, Қазалы және Сырдария аудандарын басқарған.

Қоғам қайреткері 2023 жылғы наурызда Amanat партиясына кіріп, Мәжіліске өткен. Парламенттің төменгі палатасында Қаржы және бюджет комитетінің құрамында қызмет атқарды. Үш жылда 60 шақты депутаттық сауал жолдады.

«Құрмет» орденімен марапатталған.

Ергешбаев жаңа қызметте Нұрлыбек Нәлібаевтың орнына келді. Қызылорда облысын төрт жыл басқарған Нәлібаев екі күн бұрын вице-премьер қызметіне тағайындалған.