Жаңалықтар

Қазақстан үкіметі ERG тау-кен алыбындағы үлесін арттыра ма

Үкімет ERG компаниясындағы үлесін арттыра ма / Фото: Серикжан Ковланбаев, бильд-редактор: Адэлина Мамедова

Қазақстан үкіметі тау-кен алыбы – Eurasian Resources Group (ERG) холдингіндегі үлесін көбейтуді жоспарлап отырған жоқ. Бұл туралы вице-премьер Серік Жұманғарин мәлімдеді.

Үкімет кулуарында Жұманғарин қазір мемлекеттің еншісінде компания акциясының шамамен 40 пайызы бар екенін айтып, көрсеткішті өзгерту күн тәртібінде тұрмағанын жеткізді.

«Үкіметтің ондағы үлесі 40 пайыз төңірегінде және біз бұл көлемді арттыруды жоспарлаған жоқпыз», – деп атап өтті вице-премьер.

Бұған дейін Financial Times басылымы ERG холдингінің ішінара мемлекет меншігіне өтуі мүмкіндігі және премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың компания тізгінін ұстау ықтималдығы туралы ақпарат таратқан.

Қазір Роман Скляр Қаржы министрі Мәди Такиевпен бірге директорлар кеңесінде мемлекет мүддесін қорғайтын өкіл ретінде қызмет атқарады.