Жаңалықтар

«Бэби-бум» буыны есейді: Алдағы бес жылда пәтер бағасы қалай құбылмақ

Тұрғын үй бағасы неге қымбаттайды / Фото: shutterstock, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қазақстанда алдағы 3-5 жылда баспана бағасы айтарлықтай қымбаттайды. Нарық сарапшысы Нина Лукьяненконың пікірінше, бұған ішкі көші-қон мен демография толқыны тікелей әсер етпек.

Әсіресе, 2008-2009 жылдардағы «бэби-бум» кезінде дүниеге келген буынның есейіп, баспана іздей бастауы нарықтағы сұранысты арттырады.

20 пайыздың өзі қымбат

Сарапшы сонымен қатар 1 шілдеден бастап ипотеканың жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің (ЖТСМ) 25%-дан 20%-ға төмендеуіне қатысты ой білдірді. Оның айтуынша, жеңілдіктің халыққа берер пайдасы шамалы.

Өйткені пайыздың төмендеуі несие жүктемесін айтарлықтай азайтпайды.

«Мөлшерлеме 25%-дан 20%-ға түскенмен, несиенің үстемеақысы бәрібір жоғары болып қала береді. Егер бұрын банкке екінші пәтердің құнын 6-7 жылда төлеп тастасаңыз, енді ол мерзім 7-8 жылға созылады. Яғни, қарыз алушы бәрібір еселеп артық төлейді», – дейді маман.

Бұл ереже алғашқы жарнасы 30%-дан асатындарға ғана қатысты. Ал қолында мұндай жинағы жоқ азаматтар бұрынғыша жоғары пайызбен несие алуға мәжбүр.

Сарапшының пікірінше, жинағы жоқ адамдар жоғары мөлшерлеме арқылы «жазаланып» отыр. Үлкен қарыз бен жоғары пайыз қосылғанда, ай сайынғы төлем қарапайым отбасының қалтасына ауыр салмақ салады.

Қандай пәтер сұранысқа ие?

Нина Лукьяненконың айтуынша, осыдан 4-5 жыл бұрын 1 бөлмелі пәтерлерге сұраныс жоғары болған. Қазір алматылықтар 1-2 бөлмелі пәтерлерді жаппай сатып алады.

Мәселен қалада ай сайын 5 мыңға тарта үш бөлмелі пәтер сатылса, 2 бөлмелі баспана алушылардың қатары екі есе көп.

Алматы мен Астананың тұрғын үй бағасындағы айырмашылық жыл сайын қысқарып келеді. Өйткені елордаға да жұмыс іздеп, кәсіп жасауға, білім алуға баратындардың қатары артып келеді.

Бұған дейін Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин үй мен көлік бағасы арзандайды дегенге күмәнмен қарайтынын мәлімдеген.