
Қызылордада медициналық колледждің 16 жастағы бірінші курс студентінің өліміне қатысты тергеу жүргізіліп жатыр.
Оқиғаның мән-жайы
Жасөспірім колледж жатақханасында қаза тапқан. Туыстарының айтуынша, түнде жоғары курс студенттері бірінші курс студенттерін оятып, оларды жаттығу залына апарып, ұрып-соққан. Олардың арасында қаза тапқан жасөспірім де болған. Студенттер таяқ жеген жасөспірімге жедел жәрдем шақырмай, денесін бөлмесіне апармақ болған.
Полиция мәлімдемесі
Қызылорда облысы полиция департаментінің мәліметінше, жәбірленушінің өліміне байланысты денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалған. Күдікті оқиға орнында ұсталып, уақытша ұстау изоляторға қамалған.
«Қазіргі уақытта болған оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты, толық және объективті анықтауға бағытталған сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері жүргізілуде», – деді ПД Тергеу басқармасы бастығының міндетін атқарушы Асылбек Бексейітов.
Оның сөзіне қарағанда, тергеу нәтижесі бойынша тиісті процесуалдық шешім қабылданатын болады. Қылмыстық істі тергеу барысы Полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауына алынған.
Бұған дейін, Алматы облысы Талғар ауданында әкесінің басына барып, құран оқып келе жатқан 24 жастағы жігітті пышақтап өлтіріп кеткен еді.