
2026 жылдың басында түркі елдері арасындағы тауар айналымы 2,4 млрд долларға жетіп, 40% өсім көрсеткен. Бұл туралы Түркі мемлекеттер ұйымының бизнес-форумында «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының төрағасы Қанат Шарлапаев мәлімдеді.
Оның айтуынша, ендігі кезекте тек шикізат алмасумен шектелмей, терең өнеркәсіптік кооперацияға көшу қажет.
Шарлапаев декларация мен ниет білдіру кезеңі аяқталғанын, енді нақты жобаларды іске асыруға көшу керек екенін айтты.
Оның ұсынысы бойынша, нақты интеграцияның негізі ТМҰ-ның «сенімді өнім берушілерінің бірыңғай тізілімі» болмақ.
«Бұл тізілім өндіруші мен тұтынушы арасындағы делдалдарды жойып, транзакциялардың ашықтығы мен жылдамдығын қамтамасыз етеді. Astana Hub тәжірибесі мұндай цифрлық бастамалардың өміршеңдігін дәлелдеп отыр», – деді Шарлапаев.
Форумда таныстырылған тағы бір маңызды тұжырымдама – «Қосылған құн логистикасы». Төраға Орта дәлізді (Транскаспий бағыты) жай ғана транзит жолы емес, ірі индустриялық белдеу ретінде дамытуды ұсынды.
Бұл бағыттың бойында бірлескен кәсіпорындар, агроаймақтар мен технологиялық өңдеу орталықтары құрылуы тиіс.
Қаржылай қолдау мәселесінде Түркі инвестициялық қорының рөлі ерекше айтылды. Форум аясында қол қойылған меморандумдар инновациялық жобалар мен ауыл шаруашылығын қаржыландырудың нақты тетігіне айналады деп күтіліп отыр.
Айта кетейік, бұған дейін Түркі инвестициялық қоры түркі елдері арасындағы ортақ ірі жобаларға 20 млн доллар бөлуге дайын екенін жазған едік.