Жаңалықтар

Бірінші маусымда «Алматы жастары» бағдарламасына тіркеу басталады

Алматы жастары
фото: ашық дереккөзден

«Алматы Жастары» бағдарламасы бойынша өтінім қабылдау 1-15 маусым аралығында өтеді. Бұл туралы қалалық Коммуналдық инфрақұрылымды дамыту және тұрғын үй инспекциясы басқармасының өкілдері хабарлады.

Алматы жастарына арналған тұрғын үй бағдарламасына өтінім қабылдау 1 маусым күні сағат 09:00-де басталып, 15 маусым сағат 18:00-ге дейін жалғасады. Өтінімдерді kezekte.kz порталындағы «Тұрғын үй сервистері» бөлімінде орналасқан «Almaty Jastary» сервисі арқылы онлайн жолдауға болады. Жүйеге кіру үшін электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) қажет.

Бағдарлама шарттарына сәйкес:

  • тұрғын үй несиесінің ең жоғары сомасы – 20 млн теңге;
  • жылдық сыйақы мөлшерлемесі – 5%;
  • бастапқы жарна – 10%;
  • бастапқы және екінші нарықтағы баспананы сатып алуға мүмкіндік қарастырылған.

Жобаға Алматы қаласында тұратын 35 жасқа дейінгі азаматтар қатыса алады.

Үміткерлерге қойылатын негізгі талаптар:

  • Алматыда кемінде бір жыл тұрақты тіркеуде тұруы;
  • соңғы бес жыл ішінде үміткердің және оның отбасы мүшелерінің атында тұрғын үй болмауы;
  • Алматы қаласында кемінде алты ай ресми еңбек өтілі мен міндетті зейнетақы жарналарының аударылып тұруы.

Бағдарлама денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт, әлеуметтік сала қызметкерлеріне, журналистерге, ғылыми-зерттеу институттары мен жоғары оқу орындарының мамандарына, құқық қорғау және коммуналдық қызмет өкілдеріне, сондай-ақ «Жұмыс істейтін жастар» бағдарламасының қатысушыларына арналған.

Толық ақпаратты kezekte.kz сайтындағы «Тұрғын үй сервистері» бөлімінен алуға болады. Анықтама телефоны: +7 (727) 225-14-57.

Былтыр  «Алматы жастары» бағдарламасына 6,6 мың өтініш қабылданып, 2 мыңнан астам адам жеңілдігі бар несиемен баспана сатып алған.