Жаңалықтар

Осинов асуындағы елдегі ең биік таулы көпірді жаңа мердігер салып бітіреді

Осинов асуындағы елдегі ең биік таулы көпірді жаңа мердігер салып бітіреді / Фото: ҚазАвтожол

Шығыс Қазақстан облысында аймақтағы ең күрделі жол жобаларының бірі – «Өскемен – Алтай – Үлкен Нарын – Катонқарағай – Рахман қайнарлары» автожолының Осинов асуын айналып өтетін тұсын салу жұмыстары жалғасуда.

Биыл жаңа жол учаскесі бойынша қозғалысты ашу жоспарланып отыр. Бұл жоба аталған бағыттағы жолды 4 шақырымға қысқартуға, сондай-ақ трассаны түзулеу және жүру бөлігін 6 метрден 13 метрге дейін кеңейту есебінен қозғалыс қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді.

Жобаның басты нысаны – Пихтовка өзені арқылы өтетін көпір. Бұл – Қазақстанның ең биік таулы аймағында орналасқан көпір құрылысы. Дәл осы учаске бұған дейін жобаның кешігуіне негізгі себеп болған еді.

Мердігерлердің ауысуы және сот процестері

Осинов асуын айналып өтетін жол құрылысы бұған дейін орман қоры жерлеріне қатысты мәселелерге байланысты тоқтап қалған болатын. Жауапты мекемелер атқарылған жұмыстар мен жасалған өзгерістер хронологиясын былайша таратты.

2023 жылы жұмыс қайта жанданғаннан кейін бұрынғы мердігер ұйым қажетті құрылыс қарқынын қамтамасыз ете алмады және келісімшарттық міндеттемелерін орындамады. 2025 жылдың мамыры жұмыс кестесін жүйелі түрде бұзғаны және нысанды пайдалануға беру мерзімін кешіктіру қаупін тудырғаны үшін «Востоквзрывпром» ЖШС және «Kurylys Group RK» ЖШС мердігерлік ұйымдарына қатысты талап-арыз жұмыстары басталды.

Сот талқылауларының нәтижесінде «Востоквзрывпром» ЖШС мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушыларының тізіліміне енгізілді. Мердігер ұйымдармен барлық келісімшарттар бұзылып, мемлекет кірісіне 2,2 миллиард теңгеден астам қаражат өндірілді.

Қазіргі уақытта жаңа мердігер анықталды. Ол – «ОблШығысЖол» ЖШС. Бұл компания еліміздегі ең ірі инфрақұрылымдық жобалардың бірі – Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін Қазақстанның ең ұзын көпірінің құрылысын жүргізгенімен танымал.

Құрылыстың қазіргі қарқыны мен жоспары

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ ШҚО филиалының директоры Нұрбек Темірханов жобаны аяқтау үшін ірі көпір құрылыстарын салуда үлкен тәжірибесі бар ұйым тартылғанын айтты. Оның мәлімдеуінше, қазіргі таңда нысанда техника, жабдықтар мен мамандар толық жұмылдырылған. Пихтовка арқылы өтетін көпірдің жанында бетон зауытын монтаждау жұмыстары аяқталды, бұл жұмыс қарқынын айтарлықтай тездетпек.

«Қазіргі уақытта қалыптарды монтаждау және көпір тіреулерінің конструкцияларын ары қарай бетон құюға дайындау жұмыстары жүріп жатыр. Бетон шығару биылғы 20 мамырға жоспарланған. Бүгінгі таңда көпір құрылысындағы бетон жұмыстары 48%-ға орындалды. Қалған көлемді ағымдағы жылдың тамыз айының соңына дейін аяқтау көзделіп отыр», – деді Нұрбек Темірханов.

Филиал басшысы қазіргі басты міндет – құрылысты мерзімінде аяқтау ғана емес, сонымен бірге жұмыс сапасын жоғары деңгейде қамтамасыз ету екенін, өйткені бұл климаттық жүктемесі ауыр, биік таулы жердегі өте күрделі инженерлік нысан екенін атап өтті.

Бұл жобаның іске асуы Алтай және Катонқарағай аудандарымен қауіпсіз әрі үздіксіз көлік қатынасын қамтамасыз етуге, сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысының туристік бағыттарына, соның ішінде «Рахман қайнарлары» шипажайына баратын жолдың қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.