
Желіде кезекті атышулы жанжал бұрқ ете түсті. Бұл жолы продюсер Баян Алагөзова мен журналист Динара Сәтжан ақтөбелік интернет-емшінің үстінен шағым түсіріп, оның қызметіне шүйлікті.
«Сотта кездесеміз»
Динара Сәтжан мен Баян Алагөзова бір уақытта дерлік Инстаграм парақшаларында жазба жариялап, аты-жөні аталмаған «емшіні» балағат сөздер айтты, жалған ақпарат таратты және заңды белшесінен басты деп айыптады.
Тележүргізушінің айтуынша, ақтөбелік әйел TikTok және Instagram желілерінде ақылы бата беріп, «қасиетті заттар» мен БАД-тарды саудалаумен айналысады. Динара Ақтөбе облыстық Экономикалық тергеу департаментіне ресми сұрау жолдағанын хабарлады.
«Ақылы батадан» түскен миллиондар қайда кетіп жатыр? Жеке Kaspi-ге ме? Бұл баталар ресми патенттелген бе? «Қасиетті» деп сатылатын заттардың сипаты қандай?», – деді ол.
Сонымен қатар, блогер Сәтжанды «мемлекеттік жобалардан ақша алады» деп айыптап, көпшілік алдында намысына тиген.
Баян Алагөзова құрбысын қолдап, әйел тікелей эфирлерде ұзақ уақыт бойы балағат сөздер айтып, жала жабумен айналысып келгенін айтты.
«Әлеуметтік желі адамдардың тілін шығарды. Аузына келгенін айтатын болды. Қазір бұл мәселемен менің заңгерлерім айналысып жатыр. Егер біреу осылайша өзіне трафик жинағысы келсе, соңы сотқа апаратынын білсін», – деп ескертті Алагөзова.
Ақтөбелік «TikTok-емші» кім?
Жұлдыздар жазбаларында әйелдің есімін атамағанымен, пікір қалдырушылар әңгіме кім туралы екенін бірден түсінді. Көпшіліктің айтуынша, бұл – желіде Бағдагүл есімімен танымал блогер.
Блогердің қызметі несімен күмәнді?
Ол инстаграм мен ТикТок-та адамдарды «емдеп» жатқан сәттерінен видео жариялайды. Өз қызметтерін белсенді түрде жарнамалап, дәстүрлі емес медицина мен діни ұғымдарды араластырып, коммерциялық мақсатта пайдаланады.
Баян Алагөзова бұған дейін де осындай блогерлермен соттасып, жеңіп шыққанын алға тартты. Қазіргі таңда заңгерлер тобы ақпараттарды жинақтап, тиісті органдарға арыз дайындап жатыр.
Еске сала кетейік, бұған дейін Баян Алагөзова Халық әртісі Меруерт Өтекешоваға пәтер сыйлайтынын айтқан еді.