Жаңалықтар

Қазақстан Иранға гуманитарлық көмек жіберді

Қазақстан Иранға гуманитарлық көмек жіберді / Фото: KazAid

Иран Ислам Республикасына азық-түлік пен дәрі-дәрмек тиелген 30 теміржол вагоны жіберілді, деп хабарлайды «KazAID».

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына сәйкес, жүкті жөнелтуді «KazAID» Қазақстандық халықаралық даму агенттігі Сыртқы істер министрлігімен, Төтенше жағдайлар министрлігімен және Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп ұйымдастырды.

Гуманитарлық жүк Иранның Қызыл Жарты Ай қоғамына тапсырылады. Қазақстан халқынан Иранның бауырлас халқына көрсетілген бұл көмек елдер арасындағы тату көршілік қарым-қатынас пен өзара қолдаудың айғағы екені атап өтілді.

Еске сала кетейік, өткен аптада Қазақстан мен Иран ынтымақтастықты дамыту мен Таяу Шығыстағы жағдайды талқылаған.

Оған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Иранның ядролық мәселесін шешіп беруге көмектескісі келетінін айтқан еді.