Жаңалықтар

Түрік басылымдары Ердоғанның Қазақстанға сапары туралы не жазды

Түрік басылымдары Ердоғанның Қазақстанға сапары туралы не жазды / Фото: HaberTurk

Түркияның жетекші ақпарат құралдары Президент Режеп Тайип Ердоғанның Қазақстанның Түркістан қаласында өткен Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) бейресми саммитіне қатысуын басты жаңалық ретінде жариялады. Түрік басылымдары бұл сапардың цифрлық технологиялар, қауіпсіздік және геосаяси ынтымақтастық тұрғысынан маңыздылығын талдады.

«Цифрлық визияда бірлік» – жаңа дәуір ұраны

TRT Haber мәліметінше, Ердоған түркі әлемін технологиялық дамудың жаңа белесіне қадам басуға шақырған. Ол Исмаил Гаспралының тарихи «тілде, пікірде, істе бірлік» ұранын заман талабына сай жаңғыртып, оған «цифрлық визияда бірлік» деген жаңа ұғымды қосуды ұсынды.

Ердоғанның цифрлық трансформацияны тәуелсіздікпен байланыстырғанына назар аударды. Президенттің айтуынша, цифрлық дамудан артта қалу елдердің егемендігіне қауіп төндіруі мүмкін, сондықтан жасанды интеллект «үстемдік құру құралына» айналып кетпеуі үшін ортақ әрекет ету қажет.

Ердоғанның «жасанды интеллект және цифрлық даму» тақырыбының таңдалуын өте орынды деп бағалағанын және деректер қоры мен маңызды инфрақұрылымдарды жаңа буын қауіптерінен қорғау керектігін айтқанын жеткізді.

Солтүстік Кипр – Түркі әлемінің ажырамас бөлігі

Haberturk басылымының жазуынша, Ердоған: «Бұл саммитті біз үшін мағыналы ететін тағы бір жайт – түркі әлемінің ажырамас бөлігі болып табылатын Кипр түрік халқының арамызда өкілдік етуі», – деп атап өткен. Сондай-ақ СКТР Президенті Түфан Ерхүрманды Түркістан төрінен көруге өте қуанышты екенін жеткізген.

Президенттің түркі әлемін СКТР-мен саяси, экономикалық және мәдени байланыстарды нығайтуға шақырғанын хабарлады.

Қауіпсіздік пен қорғаныс: Тәжірибе алмасуға дайындық

Қауіпсіздік мәселесінде басылымдар Ердоғанның мынадай бастамаларын алға тартты.

Фото: HaberTurk

Anadolu басылымының жазуынша, Ердоған киберқауіпсіздікті бүгінгі әлемдегі құрлық, әуе және теңіз қауіпсіздігі сияқты «өмірлік маңызды әрі міндетті» салады. Түркия алдағы кезеңде ТМҰ аясында осы саладағы ынтымақтастықты тереңдетуді көздеп отыр.

Ердоған Палестина, Ливан, Иран және Украинадағы дағдарыстарға тоқталып, қорғаныс өнеркәсібін күшейту қажеттігін айтқан. Ол Түркияның бұл саладағы бай тәжірибесін ұйымға мүше елдермен бөлісуге дайын екенін мәлімдеді.

Стратегиялық жобалар мен Орта дәліз

Haberturk хабарлауынша, Ердоған жақын маңдағы дағдарыстар түркі әлемінің ынтымақтастықта әрекет етуінің стратегиялық құндылығын көрсетіп бергенін айтқан. Әсіресе, Ормуз бұғазындағы соңғы дағдарыстар «Орта дәліз» жобасының және түркі әлемін байланыстыратын көлік жобаларының басымдығын арттыра түскен.

Мақала соңында басылымдар Ердоғанның Түркістан қаласын «ортақ жадымыздың тірі ескерткіші» деп атағанын және Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қонақжайлылығына жоғары баға бергенін жазды.