
Бүгін, 18 мамыр қазақ журналистикасының жарық жұлдызы, азаматтығы мен адамдығы биік тұлға, белгілі тележүргізуші Бейсен Құранбектің дүниеден өткеніне тура 6 жыл толды. 2020 жылдың 18 мамырында ұлттық телевизия орны толмас қазаға душар болған еді.
Уақыт шіркін сынаптай сырғып, содан бері алты жылдан астам уақыт өтсе де, Бейсен Құранбектің орны әлі де үңірейіп тұр. Артынша Нұртілеу Иманғалиұлы, Амангелді Сейітхан сынды қазақ телевизиясының нар тұлғалары да бақилық болды.
Бейсен Құранбек «Айтуға оңай» мен «Қарекет» бағдарламаларын жүргізіп талай көрерменнің жүрегінен орын алды.
Бейсекең алақанымен от аялаған Прометей іспетті, қуанышсыз жаураған мыңдаған жүректерге жылу сыйлады, үміт отын жақты. Ол 5 жыл бойы «Айтуға оңай» арқылы халық өмірінің боямасыз шындығын, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайдың ақиқатын көрсетті, – деп еске алады әріптес досы Серік Әбікенұлы.
Тележүргізушіліктің дайын үлгісі
Бейсен Құранбек тележүргізушілік мәдениеттің ең биік шыңын бағындырды. Ол эфирде құрғақ сөз сөйлеген жоқ, бағдарламаның ыстығына күйіп, суығына тоңып, шығармашылық топқа қамқор әрі жол нұсқар жетекші болды. Оның бағдарламаларын ерекшелеген тұсы қазақы қалып пен қазақы байып еді.
Эфир – айна. Көрермен «Қарекетті» көріп отырып, әрбір дауыс ырғағы, тіпті уақытылы жасалған пауза арқылы Бейсеннің ішкі болмысын, тереңдігін сезінетін.
Бір сұхбатында:
«Мен онсыз да әр кеш сайын қырық минут елдің мазасын аламын. Сол себепті экранға шығуға, сұхбат беруге құмар емеспін», – деп, өзінен гөрі әлеуметтің мәселесін бірінші орынға қоя білді.
Ел есінде «Қарекет қылайық!» деген жалынды сөзімен қалған журналистің қойын дәптерінде мынадай алтын қағидалар жазылған екен:
«Ар сақта! Намысты бол! Талаптан! Қарекет қыл! Тәуекел ет! Уәдеге берік бол! Мәрт бол! Ақылға сал! Жүрегіңді жылыт! Өзіңе, өзгелерге, айналаңа жақсылық жаса!»
Өмірінің соңғы сәтіне дейін айналасына жақсылық тілеп өткен Бейсен Құранбектің үміт шырағы сөнгенімен, оның жүректерге жаққан сәулесі ешқашан өшпейді. Бүгінде журналист ұзақ жылдар бойы еңбек етіп, басшылық жасаған Талдықорған қаласындағы Журналистер үйі Бейсен Құранбектің атымен аталады. Сондай-ақ Талдықорғанда жыл сайын дәстүрлі түрде БАҚ өкілдері арасында футболдан Бейсен Құранбекті еске алу турнирі өткізіліп тұрады.