
Алматы қаласында көлік инфрақұрылымын ауқымды жаңғырту жұмыстары жаңа деңгейге көтерілмек. Қалалық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ержан Диханбаевтың мәлімдеуінше, мегаполисте қоғамдық көлікке басымдық беру, веложолдар желісін кеңейту және бірқатар көшелерге біржақты қозғалыс енгізу жоспарланып отыр.
Басқарма басшысы қазіргі заманғы табысты қаланың басты көрсеткіші адамдарға қолайлы кеңістік қалыптастыру екенін атап өтті.
«Бір автобус жолағы кәдімгі автомобиль жолағына қарағанда әлдеқайда көп адам тасымалдай алады. Сондықтан біз қоғамдық көлікті дамытуға, велоинфрақұрылым қалыптастыруға және көшелердің қауіпсіздігін арттыруға басымдық береміз», – деді Ержан Диханбаев.
Маршруттар жаңарып, төлем жүйесі жеңілдеді
Бүгінгі таңда Алматыда 26 тасымалдаушы 206 тұрақты бағыт бойынша қызмет көрсетеді. Қаладағы 2 261 аялдаманың 2 089-ы заманауи автопавильондармен жабдықталған. Жергілікті бюджет пен жеке инвестиция есебінен орнатылған павильондардың саны биыл тағы 200-ден астам жаңа нысанмен толығады.
Жаңа автобус жолақтары мен веложолдар қай көшелерде пайда болады?
Көлік ағынын реттеу үшін қаланың негізгі магистральдарында арнайы автобус жолақтары салынады. Олардың қатарында:
- Әл-Фараби даңғылы;
- Шығыс айналма автомобиль жолы (ШААЖ) және Солтүстік айналым;
- Тілендиев, Шевченко, Құрманғазы, Сәтбаев, Өтеген батыр, Рысқұлов көшелері бар.
2026 жылы веложолдардың жалпы ұзындығы 87 шақырымнан 125,5 шақырымға дейін, яғни бірден 40 шақырымға ұлғайтылады.
Біржақты қозғалыс
Әкімдік ірі қаржылық шығындарды талап етпейтін, тек жол таңбалары мен қозғалысты оңтайландыру арқылы шешілетін біржақты қозғалыс жүйесін енгізуді жоспарлап отыр.
Бұл өзгерістер алдымен пилоттық режимде, уақытша жол таңбалары арқылы сынақтан өткізілмек. Мамандардың есептеуінше, мұндай оңтайландыру жұмыстары көшелердің өткізу қабілетін 20–25%-ға арттырып, жол-көлік оқиғаларын 35%-ға дейін азайтуға мүмкіндік береді.
Еске сала кетейік, бұған дейін Алматыда БРТ (Bus Rapid Transit) желісінің құрылысы тоқталып қалу мүмкін екенін жазған едік.