
Биылғы жазғы маусымда қазақстандықтар ел ішіндегі демалыс орындарына арзан рейспен қатынай алады. Бұл туралы туризм және спорт министрлігі туризм индустриясы комитеті төрағасының міндетін атқарушы Нұрбол Байжанов хабарлады.
Оның сөзінше, көлік министрлігімен тиісті келісімшарттар жасалып қойған. Сәуірде бекітілген құжатқа сәйкес, сұраныс жоғары әлеуметтік бағыттарға мемлекет тарапынан қолдау көрсетіледі.
Субсидиялаудың нәтижесінде жазғы үш айда (маусым, шілде, тамыз) Астана мен Алматыдан қатынайтын рейстерге төмендетілген тарифтер бекітілді:
- Астана – Балқаш: 16 000 теңге;
- Астана – Үржар: 18 000 теңге;
- Астана – Үшарал: 20 000 теңге.
Алматыдан қатынайтын рейстер үшін де дәл осы жеңілдетілген бағалар сақталады.
«Биылғы тарифтер мен бағыттар бойынша өткен жылмен салыстырғанда үлкен айырмашылық болмайды», – деді Нұрбол Байжанов.
Ресми субсидияланатын рейстерден бөлек, демалыс аймақтарына коммерциялық чартерлік рейстер де ұйымдастырылуы мүмкін. Қазір бұл мәселені туроператорлар пысықтап жатыр.
Айта кетейік, Балқаштан Алматы мен Астанаға тікелей әуе рейстерін SСAT және Vietjet Qazaqstan компаниялары орындайды. Ұшу жиілігі – аптасына бес рет.