Қоғам

«1 метр 30 см шұңқырға көмген»: Сұлтан Сәрсемәлиев ата-енесін қалай өлтірген

Жангелдин ауылында Қарабалиндер отбасы тұрған үй/фото: Айгерім Таубай

Атырауда Сұлтан Сәрсемәлиевке қатысты басты сот талқылауы 28 мамырда басталады. Ол қылмыстық кодекстің 13 бабында көрсетілген әрекетті жасады деп айыпталып отыр.

Бұған дейін Сәрсемәлиевтің Наурыз Мұқанғалиевті қалай өлтіргені жарияланды.

Сәрсемәлиев ата-енесін қалай өлтірген?

Қылмыстық істегі мемлекеттік айыптаушы Мирас Бауыржанов оқыған айыптау актісіне сәйкес, ерлі-зайыпты Мақсот Қарабалин мен Нәсіп Өтешқалиева 2025 жылдың 3 қарашасында қайтыс болған.

2025 жылдың 2 қарашасында Сәрсемәлиев жанына әйелі Ақбаян Мұқанғалиеваны, 2022 жылы туған қызын ертіп, таксимен Қызылқоға ауданы Жангелдин ауылына барған. Ол ауылда ата-енесі тұрған.

Үйге барған кезде енесі Нәсіп Өтешқалиева мен Сұлтан Сәрсемәлиев арасындағы дау қайта жалғасқан. 2025 жылдың 3 қарашасында енесі қызы мен жиенін қалдырып, қалған 4 баланы да ауылға әкеліп тастауды талап еткен.

Бұл талапты естіген Сәрсемәлиев арада шыққан кикілжің өз пайдасына шешілмейтінін түсінген. Өтешқалиеваның талабын орындаған жағдайда бала-шағасынан айырылып қаламын деп топшылаған. Артынша ата-енесін өлтіремін деп шешкен.

Алдымен келешекте үйдің коммуналдық төлемдерін төлеп отыру үшін марқұм Қарабалиннің банк қосымшасына кіріп, деректерді өз телефонына көшіріп алған.

Одан кейін екі адамды үйде өлтіре алмайтынын біліп, үйдің ауласындағы сарайда әрекет етуді ойлайды.

«Сәрсемәлиев 2025 жылдың 3 қарашасында 18:00 шамасында ерлі-зайыптының сарайға кіріп-шығып, шаруа жасап жүргенін көрген. Сол мезетте үйдің алдында отырған Сәрсемәлиев сарай ішіне кіріп, ет турауға арналған пышақты көріп, қылмыс қаруын дайындап қойған. 19:00 шамасында Сәрсемәлиев аулада отырып, Қарабалин не Өтешқалиеваның сарайға кіруін күткен. Бірінші болып үйден Өтешқалиева шыққан. Сәрсемәлиев оның артынан сарайға кіріп, ішкі бөлмеде шаруасын істеп жүрген Өтешқалиеваның артынан барып, арқасынан пышақтаған», – деді прокурор Бауыржанов.

Өтешқалиева оқиға орнында қайтыс болған.

Содан кейін сарай ішіне Мақсот Қарабалиннің кіруін күтеді. Сарайдың кіре берісінде тұрған Сәрсемәлиев Қарабалин ішке кірген кезде кеуде тұсынан, арқасынан пышақтаған. Соққы салдарынан Қарабалин еденге құлап, оқиға орнында қайтыс болды.

Екі мәйітті көму

Екі адамды өлтіргеннен кейін қылмысты жасыру мақсатында сарайды кілттеп, үйге кірген. Қас қарайғанын күтіп, сарайға түнде барған.

«Сағат 00:00 шамасына кереуеттің астындағы қара жерді 1 метр 30 см етіп қазып, екі мәйітті сол жерге көміп, бетіне линолеум төсеген. Осылайша қылмыс ізін толық жасырған. Сарай ішіндегі қан дақтарын толық сүртіп, тазалаған», – делінген айыптау актісінде.

Артынша Өтешқалиеваның банк картасын, телефоны мен алтын бұйымдарын, Қарабалиннің банк картасын, 60 мың теңгесін иемденген.

Бұған дейін Сұлтан Сәрсемалиев өзіне тағылған айыпты мойындап, әрекеті үшін өмір бойы түрмеде отыруға дайын екенін мәлімдеді.