Жаңалықтар

93 жастағы әжейге туу туралы куәлік берілді

Фото: Өзбекстанның Әділет министрлігі
Фото: Өзбекстанның Әділет министрлігі

Өзбекстанның Наманган облысы Чуст ауданында Купайсин-момо Сотиболдиеваның туу деректері қалпына келтірілді.

Kun.uz ақпаратына қарағанда, Өзбекстанның Әділет министрлігі 93 жастағы әжеге алғаш рет туу туралы куәлік рәсімдеген.

Әжей аудандық әділет бөліміне құқықтық мәселемен жүгінген. Тексеру барысында оның 1933 жылы туғаны анықталғанымен, АХАТ мұрағаттарында тууы туралы мәлімет болмаған.

Министрліктің мәліметінше, Купайсин-момо жас кезінен туған күнін 2 наурыз деп атап өткен. Бұл күнді оған ата-анасы айтқан. 1951 жылы оған қыз кезіндегі тегіне рәсімделген туу туралы анықтама берілген. Кейін тұрмысқа шыққан соң Сотиболдиева тегін алып, осы негізде түрлі құжаттар рәсімделген.

Алайда азаматтық төлқұжатында туған күні мен айы көрсетілмей, түрлі қиындықтарға тап болған. Осыдан кейін аудандық әділет бөлімі азаматтың туу фактісін анықтау туралы талап арызбен ауданаралық сотқа жүгінген.

Сот Купайсин-момо Сотиболдиеваның 1933 жылғы 2 наурызда туғанын ресми түрде растады. Осы шешімнен кейін оған қыз кезіндегі тегімен – Купайсин Ташмирзаева атына туу туралы куәлік берілді.

Осындай жағдай 2019 жылы 91 жастағы Раждаб Рахматовамен де болған. Сол кезде мемлекеттік қызмет агенттігінің мамандары тұрғындарды аралау барысында оның құжаты жоқ екенін анықтаған.

Беларусь президенті Александр Лукашенко елде бала аз туатынын айтып, өзбектерді көмекке шақырған еді.