
Қазақстан Қарулы күштерінің төрт мыңнан аса сарбазы әскери ант қабылдады.
Қорғаныс министрлігі мәліметінше, салтанатты рәсімдер «Оңтүстік», «Шығыс» және «Батыс» өңірлік қолбасшылықтарына қарасты 19 әскери бөлімде өтті. Олар Тараз, Гвардейск гарнизоны, Жаркент, Абай облысы, Ақтау, Атырау, Бейнеу гарнизоны және Ақтөбе гарнизондарында орналасқан.
Жас сарбаздарды қолдау үшін қолбасшылық өкілдері, Қарулы күштердің ардагерлері, туған-туыстары мен жақындары жиналды.
Сарбаздар жас жауынгер курсы барысында әскер тәртібіне бейімделіп, жалпы әскери жарғыларды оқып, қару-жарақпен жұмыс істеу негіздерін меңгерді және жауынгерлік дайындықтың бастапқы дағдыларын үйренді.

«Әскери ант – Отанға адал болуға және ел тәуелсіздігін қорғауға дайын болу үшін берілетін серт. Осы күннен бастап ар-намысқа тәртіпке және өзара қолдауға негізделген үлкен жауынгерлік бауырластықтың бір бөлшегісіңдер. Сендер Отан қорғаушы атағын абыроймен алып жүретіндеріңе сенімдімін», – деді арнайы операциялар күштері қолбасшысының тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары полковник Саят Бурбасов.
Ал Астана қаласында мерзімді әскери қызметшілердің ант қабылдау рәсімі Отан Ана монументі жанында өтті. Онда 68665 әскери бөлімінің 137 сарбазы ант берді.

Салтанатты рәсім басталар алдында қолбасшылық өкілдері, құрметті қонақтар мен әскери қызметшілер монументке гүл шоқтарын қойып, Отан жолында қаза тапқан батырларды еске алды.
Еске салайық, Қазақстанда сарбаздарға смартфон пайдалануға рұқсат берілді. Осыған дейін сарбаздарға батырмалы телефон пайдалануға ғана рұқсат етілген болатын. Министрлік енді сарбаздарға ұялы смартфон пайдалануға ресми түрде рұқсат бергенін мәлімдеді.