Lifestyle

Лобода, Төреғали, Жұлдыз: Қайрат Нұртастың концерті қалай өтті (видео)

фото: instagram

24 мамыр күні Almaty Arena-да отандық эстрада жұлдызы Қайрат Нұртастың концерті дүркіреп өтті. Аренада ине шаншар орын болмады. Қайрат Нұртас кешті өзінің хитке айналған «Алматының түндері-ай» әнімен бастап, алғашқы минуттардан-ақ залды ерекше күйге бөледі.

Кеш қонақтары

Сахнада көптен бері көрінбей кеткен Қайраттың жақын досы әрі әріптесі Төреғали Төреәлінің шығуы көрермендер үшін күтпеген сәттердің бірі болды. Қос әнші алдымен «Тамшылар» туындысын бірге орындады. Кейіннен Төреғали өзінің репертуарындағы хитке айналған «Алматы, ең алғашқы махаббатым» әнін шырқап, көрерменді бір серпілтіп тастады.

Сонымен қатар концертте ерекше нөмірлер қойылды. Қайрат Нұртас жас орындаушы Prince-пен сахнаға шығып, тыңдармандар үшін ерекше стильде рэп оқыды.

Светлана Лободамен дуэт

Кештің ең басты интригасы Украинаның танымал әншісі Светлана Лободаның сахнаға шығуы болды. Екі елдің жұлдыздары бұған дейін бірлесіп ән шығарғандарын хабарлаған еді. Салтанатты тұсаукесер дәл осы Almaty Arena сахнасында өтті.

Концерттен кейін Лобода әлеуметтік желіде Қайраттың жазбасына қазақ тілінде «Рахмет» деп пікір қалдырып, қазақстандық көрермендерге ризашылығын білдірді.

Бұдан бөлек, Қайрат Нұртас «Сені сүйем» әнімен сахнаға жары Жұлдыз Әбдікәрімова мен балаларын алып шықты. Бұл сәт көрермендердің жүрегін елжіретіп, концерттің ең әдемі әрі есте қаларлық бөлігіне айналды.

https://kz.kursiv.media/wp-content/uploads/2026/05/whatsapp-video-2026-05-25-at-13.48.31.mp4