Жаңалықтар

2026-2027 оқу жылына 89 мыңнан астам мемлекеттік грант бөлінді

2026-2027 оқу жылына 89 457 мемлекеттік грант бөлінді
2026-2027 оқу жылына 89 457 мемлекеттік грант бөлінді/ фото: shutterstock

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Үкімет отырысында 2026-2027 оқу жылына 89 457 мемлекеттік грант бөлінгенін айтты.

Оның айтуынша, биыл жоғары білімді кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік тапсырыс көлемі алдыңғы оқу жылдарының деңгейінде сақталып отыр.

2026-2027 оқу жылына 89 457 мемлекеттік грант бөлінді. Оның ішінде:

75 371 грант – бакалавриатқа;

11 007 грант – магистратураға;

3 079 грант – докторантураға.

Мемлекеттік тапсырысты бөлу ел экономикасының 2030 жылға дейінгі кадрларға деген қажеттілік болжамымен үйлестірілді.

«Болжам бойынша Қазақстанға 883 мыңнан астам маман қажет болады. Оның ішінде шамамен 530 мыңы – инженерлік кадрлар, 185 мыңнан астамы – педагогикалық кадрлар, 168 мыңға жуығы – өзге салалардың мамандары.

Сондықтан гранттарды бөлуде инженерлік, IT, аграрлық, педагогикалық және жаратылыстану бағыттарына басымдық берілді», – деді министр.

Гранттардың 60% инженерлік-техникалық, IT және ауыл шаруашылығы мамандықтарына бағытталды. Педагогикалық кадрларды даярлауға 21% бөлінді.

Айта кетейік, 10 мамырда елімізде негізгі ҰБТ басталған еді. 240 мыңға жуық талапкер тестілеуге қатысуға өтініш берген. Тестілеу 10 шілдеге дейін жалғасады.