
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы Тұрақты комитетінің Төрағасы Чжао Лэцзиді қабылдады. Ақорданың мәліметінше, кездесуде қазақ-қытай мәңгілік жан-жақты стратегиялық серіктестігін нығайту, парламентаралық диалогты кеңейту, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты дамыту перспективалары сөз болды.
Рекордтық көрсеткіштер мен инвестициялық серіктестік
Кездесу барысында Президент екі ел арасындағы достықтың тарихи негізі берік екенін және тату көршілік пен өзара сенім рухында сенімді дамып келе жатқанын атап өтті.
«Қытай Халық Республикасымен мәңгілік жан-жақты стратегиялық серіктестікті тұрақты негізде нығайту – біз үшін өзгермейтін басымдық. 2025 жыл екіжақты қарым-қатынастарды дамытуда тарихи жыл болды. Өзара сапарлар көпжақты ынтымақтастығымызды тереңдетуге қуатты серпін берді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент қол жеткізілген маңызды табыстарға тоқталды. Олардың ішінде екі ел арасындағы өзара сауда көлемі тарихи деңгейге жетіп, 49 млрд долларды құрады.
Қытай Қазақстанның ең ірі инвесторларының бірі болып қала береді. Қытай тарапынан тартылған инвестицияның жалпы көлемі 29 млрд доллардан асты. Жақында Президент Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімді ратификациялау туралы Заңға қол қойды. Бұл құжат екі елдің инвестициялық іс-қимылын одан әрі арттыруға септігін тигізбек.
Халықаралық аренадағы ортақ ұстаным
Президент Қазақстан мен Қытай арасында екіжақты және көпжақты форматтағы ынтымақтастықты дамыту үшін берік саяси негіз қалыптасқанын атап өтті. Екі елдің халықаралық күн тәртібіндегі көптеген мәселелер бойынша ұстанымдары ұқсас. Тараптар БҰҰ, ШЫҰ және АӨСШК аясында жемісті іс-қимыл жасап келеді.
Қытай тарапының жоғары бағасы
Өз кезегінде Чжао Лэцзи ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің ізгі тілегін жеткізіп, екі ел байланыстарының қарқынын жоғары бағалады.
«Соңғы жылдары қытай-қазақ қатынастары серпінді дамып, Төраға Си Цзиньпин мен жеке өзіңіздің көреген басшылығыңыз бен қолдауыңыздың арқасында мәңгілік жан-жақты стратегиялық серіктестік деңгейіне шықты. Өткен жылы Сіз біздің Төрағамен Астана мен Тяньцзиньде екі рет кездесіп, өзара іс-қимылдың басты бағыттарын айқындап бердіңіздер», – деді Чжао Лэцзи.
Сонымен қатар, Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы Тұрақты комитетінің Төрағасы Тоқаевты Қазақстанның жаңа Конституциясын қабылдау жөніндегі жалпыұлттық референдумның табысты өтуімен құттықтады.