
Шымкент қаласындағы №2 мамандандырылған үш тілде оқытатын мектеп-интернаттың 11-сынып оқушысы Дастан Рақыманберді әлемдік деңгейдегі білім рекордын орнатты.
Шымкент қаласы әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, ол халықаралық сындарда жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп, SAT емтиханынан 1480 балл және IELTS бағдарламасынан 7.0 балл жинады.
Дастан бүгінгі таңда дүниежүзінің 12 еліндегі 74 беделді жоғары оқу орнынан ресми шақыру алып отыр.
Ол бесінші сыныптан бастап ізденіс жолына түскен. Республикалық астрофизика олимпиадасынан І орын, халықаралық «Ғылым әлемін ашамыз» конкурсынан ІІІ орын алған және елімізде тұңғыш өткен қаржылық сауаттылық олимпиадасының ІІ орын иегері. Сонымен қатар, IT саласында ерекше көзге түсіп, 15-тен астам халықаралық және республикалық хакатонның жүлдегері атанды. Оның ішінде АҚШ-тың NASA агенттігі ұйымдастырған жарыста да жоғары нәтиже көрсетті.
Біліммен қатар әлеуметтік белсенділікті де ұштастырған жас дарын соңғы жылдары 40-тан астам ауқымды волонтерлік іс-шараға атсалысты.
Айта кететін жайт, шымкенттік оқушылар АҚШ-та өткен робототехника жарысында 1-орын алды.