
Қазақстанда Атом электр станциясының құрылысы 2027 жылы басталып, 2030 жылы аяқталады. «Росатом» басшысы Алексей Лихачев осылай деп мәлімдеді.
Оның айтуынша, Балқаш АЭС-і құрылысының мерзімі мен құны туралы келісімге Ресей президенті Владимир Путиннің Астанаға сапары барысында қол қойылады. Путин сәрсенбі, 27 мамыр күні мемлекеттік сапармен Қазақстанға келген.
Бұған қоса, «Росатом» Қазақстанда салынатын екінші АЭС құрылысына да қатысқысы келеді. Қазақстан оның құрылысын Қытай ұлттық аядролық корпорациясы (CNNC) жүргізетінін мақұлдаған.
«Бізге Қазақстанның екінші электр станциясына қатысты шешімі туралы ресми түрде хабарлаған жоқ. Осындай мәлімет ала салысымен, бәлкім, жақын уақытта біз бірден келіссөздерге кірісіп кететін шығармыз», – деген Лихачев. Оның мәлімдемесін Reuters жариялады.
Қазақстан ел аумағында кем дегенде үш АЭС салуды көздеп отыр. Төртінші станция салынуы мүмкін екені туралы да айтыла бастады. «Балқаш» деп аталатын алғашқы атом станциясын «Росатом» тұрғызады.
Елдегі атом электр станциясының құрылысына шағын және орта бизнес өкілдері де қатыса алады. Бұл уақытта үкімет ядролық реакторларды басқаратын мамандарды «Болашақ» бағдарламасымен оқытуды көздеп отыр.