Жаңалықтар

Қазақстанға Ресейден төрт Амур жолбарысы жеткізілді

фото: shutterstock

«Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерватына Ресей Федерациясынан төрт Амур жолбарысы – екі ересек дарақ пен екі жолбарыс төлі жеткізілді. Осылайша, Орталық Азия өңірінде жолбарыстар популяциясын қайта жаңғырту бағдарламасы ресми түрде практикалық фазасына енді.

Хабаровск өлкесінің жабайы табиғатынан ұсталып, Қазақстанға берілген жыртқыштар – аймақта бұдан 70 жылдан астам уақыт бұрын жойылып кеткен тұран жолбарыстарының орнын баспақ.

15 жылдық дайындық

Қазақстан бұл жобаны сонау 2010 жылы Санкт-Петербургте өткен жаһандық форумда бастаған. Содан бергі кезеңде қазақстандық, ресейлік және Халықаралық табиғат қорғау одағының (IUCN) ғалымдары ауқымды зерттеулер жүргізді.

Жобаның соңғы заңдық шешімдері 2025 жылғы 12 қарашада Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресейге жасаған мемлекеттік сапары аясында қабылданды. Екі елдің Экология министрлері жолбарыстарды жеткізудің нақты іс-шаралар жоспарына қол қойған еді.

Неге «Іле-Балқаш» өңірі таңдалды?

Сарапшылардың ұзақ жылғы зерттеулерінен кейін, жыртқышты жерсіндіруге ең қолайлы аумақ ретінде Оңтүстік Балқаш өңірі – Іле өзенінің атырауы маңы белгіленді. Жобаны сәтті жүзеге асыру үшін арнайы «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерваты құрылды. Аймақтың табиғи кешендері мен жолбарыстың қоректік базасы қалпына келтірілді. Жануарларды қабылдауға, бейімдеуге және бақылауға арналған заманауи инфрақұрылым салынды.

Алдағы жоспар

Резерватқа жеткізілген жолбарыстар қазіргі уақытта арнайы дайындалған қоршауларға орналастырылып, мамандардың қатаң бақылауына алынды. Олар алдымен карантиннен өтіп, жергілікті табиғатқа бейімделеді.

Жануарларды жабайы табиғатқа еркіндікке жіберер алдында олардың мойнына арнайы спутниктік қарғыбаулар тағылады. Бұл цифрлық технология мамандарға жыртқыштардың қозғалысын тәулік бойы онлайн режимде бақылауға және кез келген төтенше жағдайда жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.

Еске сала кетейік, бұған дейін Іле-Балқаш резерватына Нидерландыдан екі Амур жолбарысы жеткізілген еді.