Жаңалықтар

Ақылы жолда жүру құнын WeChat арқылы да төлеуге болады

WeChat Pay арқылы ақылы жолда ақы төлеуге болады
Қытай азаматтары үшін ыңғайлы жүйе енгізіледі / фото: ЖИ көмегімен дайындалған сурет

2026 жылғы маусым айының аяғына дейін Қазақстанда WeChat Pay төлем жүйесі арқылы ақылы жолдарда жол ақысын төлеу іске қосылады. Бұл туралы Kursiv.Media Көлік министрлігінің мәліметіне сүйене отырып хабарлайды.

Қытай туристері үшін қолайлы жүйе

Ресми мәліметке қарағанда, Халықаралық автомобиль тасымалдары жөніндегі Қазақстан-Қытай бірлескен комитеті осындай шешім қабылдады. Комитет жиналысы Бейжің қаласында өтті. Оған «ҚазАвтоЖол» өкілдері де қатысты.

«2026 жылдың алғашқы жартысының аяғына дейін WeChat Pay төлем сервисі арқылы ақылы автомобиль жолдарында жол жүру ақысын төлеу функционалын енгізу жоспарланып отыр», – деп таратты Көлік министрлігі.

WeChat Pay – Қытайдың ең ірі төлем жүйелерінің бірі. Жүйе Қазақстан жолдарында да іске қосылса, онда көрші елден келетін туристер, жүк тасымалдаушылар үшін қолайлы жағдай жасалады.

Бейжіңдегі отырыста Қазақстан мен Қытай автотасымалға арналған рұқсат бланкілерін шектеусіз алмасуға келіскен.

Қазақстанда жалпы ұзындығы 4 900 шақырымға созылып жатқан 26 ақылы жол бар. Биыл оған тағы алты жол қосылады.