Жаңалықтар

Лукашенко: ЖИ жаппай қырып-жоятын қару болмауы керек

фото: Ақорда

Жасанды интеллектінің дамуы бәсекеге қабілеттіліктің басты факторы. Бұлай деп Астанада өтіп жатқан Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің кеңейтілген құрамдағы отырысында сөз алған Беларусь президенті Александр Лукашенко айтты.

Ол ЖИ қауіпсіздікке төнетін елеулі сын-қатер екенін де ұмытпауға шақырды. Беларусь басшысы технологияның бұл түрін игілікке бағыттап, оның бақылаудан шығып кетуіне жол бермеу керегін айтты.

«Біздің міндетіміз – жасанды интеллектіні бейбіт арнаға бағыттау және оның жаппай қырып-жою қаруына айналуына жол бермеу. Сондықтан Одақ мәлімдемесіндегі «жауапты қолдану» деген сөздер өте маңызды», – деп мәлімдеді ол.

Астанада Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысына Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин, Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров, Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко және Армения Республикасының Вице-премьері Мгер Григорян қатысып жатыр

Қазақстан президенті Тоқаев өз сөзінде ЕАЭО макроэкономикалық дамудың оң динамикасын сақтап отырғанын айтты.