Экономика

Әлемге әйгілі Cargolux жүк тасымалдаушысы Қазақстанға оралады

cargolux жүк тасымалдаушы компания / фото: gemini AI

Әлемге әйгілі люксембургтік Cargolux жүк тасымалдаушысы Қазақстан нарығына қайта оралады. 2026 жылдың 1 маусымынан бастап бұл ірі компания Астана әуежайы арқылы аптасына 14 рейс жасамақ. Бұл туралы Қазақстанның Бельгиядағы елшісі мен компания басшысының кездесуінде белгілі болды.

Олардың айтуынша, Қазақстан Азия мен Еуропаны жалғайтын өте ыңғайлы әрі маңызды көпір болып саналады және еліміздің транзиттік әлеуеті осындай ірі компаниялардың қызығушылығын тудырып отыр.

Cargolux – 1970 жылы құрылған, Еуропадағы ең ірі жүк тасымалдаушылардың бірі. Компания әлемнің 90-нан астам бағытына жүк тасиды. Олардың әуе паркінде бір ұшқанда 130 тоннаға дейін жүк көтере алатын 30 үлкен Boeing 747 ұшағы бар. Бұл компанияның елімізге оралуы Қазақстанның мықты логистикалық орталыққа айналып келе жатқанын көрсетеді.

Сонымен қатар, жолаушылар тасымалында да жақсы жаңалықтар бар. Vietjet лоукостері жақын арада Алматыдан Ханой мен Прага қалаларына тікелей рейстер ашатынын мәлімдеді. Ал Қазақстан мен Жапония арасындағы тікелей әуе рейстері 2026 жылдың соңына қарай ашылады деп жоспарлануда. Алайда, Қазақстан мен АҚШ арасындағы тікелей ұшулар түрлі себептерге байланысты 2027 жылдан ерте басталмайтынын Air Astana компаниясы ескертті.

Айта кетейік, Қазақстанда ішкі әуе рейстері ҚҚС-тан босатылуы мүмкін