
31 мамыр – саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандарына тағзым ететін күн. Қазақстанда бұл күн 1997 жылдан бастап атап өтіледі.
Ресми деректер бойынша, 1921-1954 жылдар аралығында жүргізілген «халық жауларын анықтау» саясатының салдарынан Қазақстанда 100 мың адам сотталған. Оның ішінде 25 мыңы ең ауыр жаза – ату жазасына кесілген. Сонымен қатар миллиондаған адам ашаршылықтан көз жұмды.
Түрлі деректер бойынша, қаза тапқандардың саны 2,5 млн адамнан асқан. Ашаршылық кесірінен қазақтар саны 38-42%-ға кеміген. Жүздеген мың адам Қытайға, Ауғанстанға, Иранға, Түркияға және басқа елдерге қоныс аударуға мәжбүр болды.
Қазақ зиялыларының тағдыры
1937-1938 жылдар сталиндік репрессиялардың шарықтау кезеңі болды. Бұл жылдары Қазақстанда мыңдаған адам «халық жауы» деген жалған айыппен тұтқындалып, атылды, концлагерьлерге қамалды. Қуғын-сүргіннің негізгі нысанасына айналғандардың қатарында қазақ зиялылары болды.
Қазақ ұлт-азаттық қозғалысының жетекшілері – Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Тұрар Рысқұлов, Бейімбет Майлин сынды алыптар ұлт болашағы үшін күрескендері үшін жазықсыз жазаға тартылып, өмірден өтті.
Қарлаг, Степлаг және АЛЖИР
Кеңес билігі орнаған соң Қазақстан аумағы жаппай саяси қуғын-сүргін мен ГУЛАГ жүйесінің басты орталықтарының біріне айналды. Республика кең байтақ аумағы, халқының сиректігі және шалғай орналасуына байланысты «ыңғайлы» аймақ ретінде таңдалды. Осы себепті мұнда ондаған лагерьлер салынды.
Мәселен, Қарлаг (Қарағанды еңбекпен түзеу лагері) 1931 жылы құрылды. Аумағы 1,8 млн гектардан асып, тұтас облыс жерін қамтыды. Мұнда жүздеген мың адам – қарапайым шаруалар, жазушылар, ғалымдар мен дін өкілдері жазықсыз жазаланып, ауыр еңбекке жегілді. Олар ауыл шаруашылығы, шахта, құрылыс және өндіріс салаларында жұмыс істеді.
Степлаг (Степной лагері) 1949 жылы Жезқазған өңірінде құрылып, «ерекше қауіпті қылмыскерлерді» ұстауға арналды. Онда әскери қызметкерлер, діни қайраткерлер, ғалымдар мен интеллигенция өкілдері отырды.
Сталиндік репрессиялар тек ерлерді ғана емес, олардың жұбайлары мен балаларына да әсер етті. АЛЖИР – «Акмолинский лагерь жен изменников Родины» Кеңес Одағындағы ең ірі әйелдер лагерьлерінің бірі еді. Мұнда жазықсыз әйелдер тек күйеулері үшін ғана тұтқындалды.
Мыңдаған әйел мен бала АЛЖИР-де адам төзгісіз жағдайда өмір сүрді. Қақаған аязда аштық пен қорлық көрді, ауыр еңбекке жегілді. АЛЖИР қазақ даласындағы репрессияның символына айналды. Ол аналардың көз жасы мен үмітінің жоқтаушысы, қазақ қоғамының рухани жарасы.
Күштеп көшірілгендер тағдыры
1940-жылдары Қазақстан Кеңес үкіметі үшін «қуғын-сүргін аумағына» айналды. Елге Балтық жағалауы елдерінен, Кавказдан, Қырымнан – шешендер, ингуштер, кәрістер, немістер, қырым татарлары секілді ондаған ұлт өкілдері, жалпы саны 1,5 млн-ға жуық адам күштеп көшірілді.