Экономика

Қазақстандықтардың 17 млрд теңге айыппұлы кешіріледі

Елде алғаш рет әкімшілік амнистия жарияланады/shutterstock, бильд-редактор: Дастан Шанай

Ішкі істер министрлігі елде кімдер қылмыстық және әкімшілік амнистияға ілігуі мүмкін екенін түсіндірді.

Қылмыстық істер

Ресми ақпаратқа сәйкес, қылмыстық амнистия қылмыстық теріс қылықтар мен онша ауыр емес қылмыстар жасаған адамдарға қолданылады. Ауырлығы орташа қылмыстар үшін сотталған келген залалды толық өтеген жағдайда қолданылуы мүмкін.

«Қылмыстық амнистия 15 мыңнан астам адамға, соның ішінде түзеу мекемелеріндегі 1,5 мың сотталғанға қатысты болуы мүмкін», – делінген ақпаратта.

Амнистия террористік, экстремистік және сыбайлас жемқорлық қылмыстар, ұйымдасқан қылмыстық топтардың құрамында жасалған әрекеттер, азаптау, сондай-ақ жыныстық тиіспеушілікке қарсы қылмыстар жасаған адамдарға қолданылмайды.

Бұдан бөлек амнистия рецидив жағдайларында қолданылмайды.

Әкімшілік амнистия

Ал әкімшілік амнистия 15 мемлекеттік органның құзыретіне жататын Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 263 бабын қамтиды.

Әкімшілік амнистия аясында азаматтарды, жеке кәсіпкерлерді, сондай-ақ жеке практикамен айналысатын адамдарды (нотариустар, адвокаттар, жеке сот орындаушыларды) 2026 жылғы 17 наурыз сағат 24:00-ге дейін жасалған құқық бұзушылықтар үшін орындалмаған әкімшілік айыппұлдардан босату көзделген.

ІІМ желісі бойынша бұл шара 17 млрд теңгеден астам сомаға шамамен 1 млн әкімшілік айыппұлды қамтиды.

Айта кетейік, 2026 жылдың 17 наурызында президент елде алғаш рет әкімшілік істер бойынша рақымшылық жасалатынын хабарлады