Жаңалықтар

Енді шетелдік тауарлар мемлекеттік сатып алуға қатыспайды

отандық тауар
фото: ашық дереккөзден

Енді шетелдік тауарлар мемлекеттік сатып алуға қатыса алмайды. Ауыл шаруашылық министрлігі «Ұлттық режимнен алып тастауды белгілеудің кейбір мәселелері туралы» қаулы жобасына өзгерістер енгізбекші.

Жобадағы түзету бойынша, енді мемлекеттік сатып алу жүргізілгенде оған шетелдік тауарлар қатыса алмайды. Жеткізуші тек Қазақстан Республикасы аумағында өндірілген тауарларды ғана ұсынуы керек. Яғни мемлекеттік сатып алуларға тек арнайы тізілімге енген отандық тауар өндірушілер ғана қатыса алады.

Өзгерістерге сәйкес, министрлік шектеу қойылатын шетелдік тауарлар тізімін бекітуі қажет. Ал қаулының күшін екі жылға дейін ұзарту көзделген.

Жоба авторларының түсіндіруінше, түзету елдің қауіпсіздігі мен қорғанысын нығайту, ішкі нарықты қорғау және ұлттық экономиканы дамыту мақсатында әзірленген. Сондай-ақ қазақстандық кәсіпкерлерге қолдау көрсетуге бағытталған.

Құжат «Ашық НҚА» сайтында жарияланды, талқылау 15 маусымға дейін жалғасады.

Айта кетейік, биыл көктемде қазақстандық тауар өндірушілердің тізімі дайындалды. Сол өндірушілер шығаратын 40 мыңнан астам тауар қазақстандық өнім ретінде танылған.