
Алматы мен Гонконг арасындағы тікелей рейстер 2027 жылы ашылады, деп хабарлады Қазақстанның Азаматтық авиация комитеті.
Гонконгтың флагмандық авиакомпаниясы Cathay Pacific рейстерді келесі жылдың бірінші тоқсанынан бастап орындауды жоспарлап отыр. Жоспарға сәйкес, ұшу жиілігі аптасына үш рейсті құрайды. Бағытты Airbus A330-300 кең фюзеляжды әуе кемелері арқылы жүзеге асырады.
«Рейстердің ашылуы Қазақстан, Гонконг және Азия-Тынық мұхиты аймағы арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық және туристік байланыстарды одан әрі нығайтуға, сондай-ақ елдің халықаралық бағыттар желісін кеңейтуге ықпал ететін болады», – делінген хабарламада.
Айта кетейік, осыған дейін қазақстандық FlyArystan лоукостері Астана – Батуми бағыты бойынша алғашқы рейсін орындағанын жазған едік.