
Қостанай облысында қала мектептеріне бөлінген бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша қылмыстық іс тергеліп жатыр.
Қостанай облысы бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің хабарлауынша, сотқа дейінгі тергеп-тексеру басқармасының іс жүргізуінде Қостанай қаласы әкімдігінің білім бөлімінің лауазымды тұлғаларына қатысты іс қаралуда. Тергеу болжамы бойынша, бюджет қаражатын жымқыруды адамдар тобы жасаған.
1 маусымда тергеу аясында бірқатар тергеу әрекеттері, оның ішінде лауазымды тұлғалардың тұрғылықты жері мен жұмыс орны бойынша тінту жүргізілді.
Дәл осы күні ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 3-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасады деген күдікпен Қостанай қаласы әкімдігінің білім бөлімінің басшысы Гүлсім Оразбаева ұсталды.
Ведомство тергеу амалдарының жалғасып жатқанын атап өтті. Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес өзге де ақпарат жария етуге жатпайды.