Lifestyle

Eminem Қазақстанда концерт бере қалса, билет құны кемі 244 мың теңге болады

Eminem в Казахстане
Фото: Shutterstock

Америкалық рэпер Eminem Қазақстанға келуі мүмкін бе? Батыс жұлдыздары Қазақстандағы концерттері үшін көрші елдермен салыстырғанда бірнеше есе жоғары гонорар сұрайды. Бұл туралы Freedom Impressions Talk шарасында Freedom Events бас директоры (CEO) Виктория Торгунакова «Курсивке» берген сұхбатында мәлімдеді.

Биыл сәуір айында «Спорттық құрылыстар дирекциясының» бас директоры Есет Байтасов Eminem гастрольдік тур аясында келуі мүмкін екенін айтқан еді. Алайда ол кезде нақты келісім болған жоқ: келісімшарттарға қол қойылмады, ал концерт күндері белгісіз еді.

Ресми расталмаған ақпарат ойын-сауық нарығына тікелей әсер етті. Ауқымды шараны күткен көрермендер бюджеттерін бұғаттап, басқа концерттер мен мәдени шараларға барудан бас тарта бастаған.

«Егер сіз Eminem-нің жанкүйері болсаңыз, оның биыл Қазақстанға келуі мүмкін екенін естісеңіз, сіз алдағы бірнеше айды үмітпен өткізесіз. Шығындарын есептеп жүретін адам болсаңыз, осы концерт үшін басқа шаралардан, тіпті Eminem-нің өзге елдегі концерттеріне барудан бас тартасыз. Осылайша, нарықта жіберіп алған мүмкіндіктер пайда болады», – деп түсіндірді Виктория Торгунакова.

Шығынды ақтау үшін 80 мың көрермен қажет

Торгунакованың айтуынша, қазіргі нарықтық шындықта мұндай деңгейдегі әртістің елге келу ықтималдығы өте төмен. Freedom Events басшысы Қазақстан нарығы қазіргі уақытта рэпер үшін коммерциялық тұрғыдан мүлдем қызық емес екенін атап өтті.

«Eminem әлем бойынша 5–6 млн долларлық гонорарлардан бас тартып жүр. Ол, жалпы, турларға көп шықпайды. Тіпті Қазақстанға келеді деген күннің өзінде, бұл өте қымбат жоба болады. Шығынды ақтау үшін алаңның сыйымдылығы кемінде 80 мың адамға шақталуы тиіс, ал билеттің ең төменгі бағасы 500 доллардан (шамамен 244 мың теңге) басталады», – деді компания жетекшісі.

Сонымен қатар Виктория Торгунакова нақты келісімдер жоқтығына қарамастан, отандық промоутерлер әлемдік жұлдыздардың менеджментіне үздіксіз сұраныс жіберетінін сынға алды. Бұл нарықта жасанды дүрбелең тудырып, шетелдік агенттіктердің Қазақстан үшін гонорар бағасын негізсіз өсіруіне түрткі болады. Салдарынан біздегі концерттер Грузия, Әзербайжан немесе Еуропа елдерімен салыстырғанда әлдеқайда қымбатқа түседі.

«Қазақстаннан тұрақты түрде ұсыныс алатын ТОП-10 есім бар. Ондай ұсыныстарды кейде қолында тиісті қаражаты жоқ, бірақ әртісті алып келгісі келетін адамдар да жібере береді. Бұл кері әсер етеді. Әртістің менеджменті халықтың қызығушылығын сезген бойда „аукцион“ ойната бастайды», – дейді Торгунакова.

Оның сөзінше, отандық индустрия нарықтағы үйлестірудің (координацияның) жоқтығынан баға тұзағына түсіп қалған.

«Бұл – тұйық шеңбер. Әртістер өзара тығыз араласады, кейде бір агенттікте жұмыс істейді. Егер осындай деңгейдегі бір әртіс Қазақстанға, мысалы, 2 млн долларға келіп кетсе, басқалары да стадиондық форматтағы әртістері үшін бағаны төмендетпейді. Осылайша, біз өзімізді жоғары баға белгілеуге мәжбүрлейміз», – деп түйіндеді ол.

Freedom Events – Freedom Holding Corp. экожүйесінің концерттер, спорттық жарыстар, фестивальдар және басқа да бұқаралық іс-шараларды ұйымдастыруға және билеттерді онлайн сатуға мамандандырылған цифрлық сервисі.