
Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов базалық мөлшерлемені төмендету кезеңін бастауға әлі ерте деп есептейді.
5 маусымда Ақша-кредит саясаты жөніндегі комитет базалық мөлшерлемені 18 пайыздан 17 пайызға дейін төмендетті.
Тимур Сүлейменовтің түсіндіруінше, алдағы уақытта шешімдердің барлығы базалық мөлшерлемені төмендету бойынша қабылдануы тиіс. Алайда Ұлттық банк төрағасы дәл қазір мұндай тұрақты үдеріс басталды деуге әлі ерте екенін айтты.
«Себебі, қазіргі уақытта байқалып отырған оң динамика мен қол жеткізілген нәтижелерге қарамастан, тәуекелдер әлі де жеткілікті. Сондықтан біз алдын ала жария түрде уәде бергіміз келмейді. Инфляция біз болжаған траекторияға сай төмендейді деп үміттенеміз. Егер солай болса, мөлшерлемені одан әрі төмендету туралы шешім қабылдаймыз.
Бірақ дәл қазір мөлшерлемені үзіліссіз төмендетеміз деп асығыс түрде айтқанымыз қате болады», – деді ол.
Ұлттық банктің базалық мөлшерлемеге қатысты келесі жоспарлы шешімі 24 шілдеде жарияланады.
Айта кетейік, бұған дейін Тимур Сүлейменов базалық мөлшерменің төмендеуі халыққа қалай әсер ететінін айтқан еді.