Health

Қапшағай жағалауына тәулік бойы істейтін цифрлық медпункт орнатылды

Қапшағай жағалауына медициналық пункт қойылды
Шағын модуль ішінде алғашқы медициналық көмекке қажетті заттар бар / фото: gov.kz, ЖИ көмегімен өңделген сурет

Қапшағай жағалауына тәулік бойы көмек көрсететін цифрлық медпункт орнатылды. Көлемі бар болғаны 2×2,5 метр болатын модуль Қазақстанда алғаш рет қолданыла бастады, деп хабарлады Алматы облысы әкімдігі.

Туристерге шұғыл жәрдем

Қонаев қаласында «qamqor SOS» деп аталатын цифрлық жедел медициналық көмек пункті жұмыс істеп тұр. Модуль халық көп шоғырланатын Қапшағай жағажайы аумағында орналасқан. Нысан тұрғындар мен туристерге шұғыл жағдайда алғашқы медициналық көмекті жедел алуға мүмкіндік береді.

Сырқаттанған немесе зардап шеккен азамат медпунктке кіріп, арнайы SOS батырмасы арқылы жедел медициналық жәрдем станциясының диспетчерімен бірден байланыса алады. Медицина қызметкері қашықтан модульді ашып, жедел жәрдем бригадасы келгенге дейін алғашқы көмек көрсету бойынша нұсқаулық береді.

Модуль тәулік бойы жұмыс істейді. Ол төтенше жағдайларда жедел әрекет етуге арналған.

Қапшағай жағалауына медициналық пункт қойылды
Жедел жәрдем жетем дегенше көмекті онлайн алуға болады / фото: gov.kz

Дефибриллятор да бар

Оның ішінде алғашқы медициналық көмек көрсетуге қажетті дәрі-дәрмектер мен заманауи жабдықтар орналастырылған. Атап айтқанда, дефибриллятор, жараларды алғашқы хирургиялық өңдеуге арналған стерильді бикс, жедел коронарлық синдром кезінде қолданылатын медициналық жинақ, брезент көрпе және тот баспайтын болаттан жасалған төсек бар.

Қапшағай жағалауына медициналық пункт қойылды
Модуль ішінде дефибриллятор да бар / фото: gov.kz

Пункт үздіксіз интернетпен, 360 градус сыртқы бейнебақылау камерасымен, SOS дабыл жүйесімен, қашықтан басқарылатын телемедицина кешенімен, ақпараттық дисплеймен және ішкі бейнекамералармен жабдықталған.

«Диспетчер бейне және аудиобайланыс арқылы науқастың жағдайын бағалап, жедел жәрдем бригадасы келгенге дейін алғашқы көмек көрсету бойынша нұсқаулар береді. Сондай-ақ пункттегі медициналық жабдықтар мен дәрі-дәрмектерді пайдалану тәртібін түсіндіреді», – деп таратты әкімдіктің баспасөз қызметі.

Модульдің сыртқы қаптамасы жоғары беріктігімен ерекшеленетін HPL-панельдер мен тот баспайтын болаттан жасалған.

Қапшағай жағалауына медициналық пункт қойылды
Модульдің ішкі көрінісі / фото: gov.kz

Тағы он модуль орнатылады

Облыс әкімдігі жыл аяғына дейін өңірдегі туристік аймақтарға осындай 11 модуль орнатуды жоспарлады. Цифрлық медпункт қойылатын орындар:

  • Қонаев қаласы мен Қапшағай жағалауы;
  • «Түрген» тау шаңғысы курорты;
  • «Oi-Qaragai Lesnaya Skazka» Mountain Resort;
  • «Ақбұлақ» халықаралық туристік орталығы;
  • «Хан Тәңірі» халықаралық альпинистік лагері;
  • «Арасан» шипажай-курорттық аймағы;
  • «Шарын» шатқалы;
  • «Іле-Алатауы»;
  • «Көлсай көлдері»;
  • «Алтын-Емел» ұлттық паркі;
  • «Таңбалы» мемлекеттік қорық-мұражайы.

Әрбір пункт белгілі бір туристік нысанға бекітіліп, сол аумақтағы тұрғындар мен келушілерге тұрақты қызмет көрсетеді.

Естеріңізге сала кетейік, Қапшағай шомылу маусымына дайындықты сәуір айында бастап кеткен.