Жаңалықтар

Astana Half Marathon-ға 7 000 адам қатысып, жаңа рекорд орнады

Astana Half Marathon жарысына 7 000 адам қатысып, жаңа рекорд орнатты
Astana Half Marathon жарысына 7 000 адам қатысты/ фото: Астана қаласының әкімдігі

Астанада бесінші рет Astana Half Marathon өтті. Жүгіру жарысында 7 000 қатысушы бас қосты, оның ішінде 243 шетелдік желаяқ бар. Бұл 2026 жылғы шетелдік қатысушылардың саны бойынша рекордтық көрсеткіш.

Қала әкімдігінің мәліметінше, биыл жарыс жолына шығу үшін 30-дан астам елден қатысушылар келген. Шетелдік қатысушылардың ең көбі Ресейден – 91 адам, Өзбекстаннан – 28 және АҚШ-тан – 17 адам келген.

Сондай-ақ жарысқа Қытайдан 15, Қырғызстаннан 14, Франциядан 11, Оңтүстік Кореядан 6, Ұлыбританиядан 6, Польшадан 5 және Германиядан 5 адам қатысқан.

Жарыс географиясы Азия, Еуропа, Солтүстік және Оңтүстік Америка, Африка, Таяу Шығыс пен Мұхит елдерін қамтыған.

Бағыт Тәуелсіздік алаңынан басталып, «Арқар» және «Сығанақ – Мәңгілік Ел» көпірлері арқылы өтіп, «Ақорда», Есіл өзенінің жағалауы, «Бәйтерек» монументі, Abu Dhabi Plaza кешені және EXPO аумағын қамтыды.

Спорттық бағдарламамен қатар ұйымдастырушылар экологиялық бастамаларды да дамытуды жалғастырды.

Жалпыұлттық «Таза Қазақстан» акциясы аясында жарыс бағыты бойында және старт-мәре қалашығында қоқыстарды бөлек жинау пунктері және қатысушылар мен қонақтарға арналған интерактивті экологиялық аймақтар жұмыс істеді.

Айта кетейік, бұған дейін 19 сәуірде Алматы қаласында жартылай марафон ұйымдастырылған еді. Жүздеген адам қатысқан дүбірлі додада Қытайдағы қазақ Қуан Әнубайке мәре сызығын бірінші кесті.