
Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев сталкингтің және мәжбүрлі некелердің алдын алуға арналған дөңгелек үстелде қоғамда қызу талқыға түсіп жүрген қыз алып қашу тақырыбына қатысты пікір білдірді.
Айтуынша, қызды мәжбүрлі түрде алып қашу мен жастардың өзара келісіміне негізделген дәстүрлерді шатастырмау керек.
«Бүгін біз қызды еркіне қарсы алып қашу мәселесін талқылап отырмыз. Мүның қазақтың жақсы, ізгі дәстүрімен ешқандай байланысы жоқ», – деді ол.
Ластаев мемлекет пен құқық қорғау институттарының назары тек адамның еркінен тыс немесе қысыммен жасалатын мәжбүрлі неке фактілеріне ғана аударылғанын айтты.
Оның сөзінше, дәл осындай жағдайларға құқықтық баға беріліп, азаматтарды қорғау шараларын арттыру қажет.
Омбудсмен жастар арасындағы қарым-қатынас өзара келісім мен махаббатқа негізделсе, мемлекет дәстүрмен күресуді мақсат етпейтінін атап өтті.
«Біз дәстүрмен күресіп жүрген жоқпыз. Егер бір-бірін сүйетін екі адам бірге болуға шешім қабылдаса, бұл олардың таңдауы. Ал кейде ата-аналарға бұл шешімді қабылдау үшін уақыт қажет болуы мүмкін, бірақ мұндай жағдайлар біздің талқылауымыздың тақырыбы емес», – деп түсіндірді ол.
Некеге мәжбүрлеуге қарсы заң
Адам құқықтары жөніндегі уәкіл заң алдында бәрі тең екенін ескертті.
«Бізде қыз алып қашқаны үшін ғана емес, некеге тұруға мәжбүрлеудің кез келген түрі үшін жауапкершілік қарастырылған», – деді ол.
Ерлер де заң аясында қорғалады
Сонымен қатар заң мәжбүрлеу құрбаны ер адам болған жағдайларға да қолданылады. Мысалы, жоспарсыз жүкті болып қалған қыздың туыстары ер адамды «жазалаймыз» деп қоқан-лоқы көрсету арқылы баланың әкесін үйленуге мәжбүрлеуі мүмкін.
Енді бұл әрекет те қылмыстық тәртіппен жазаланады және жынысына қарамастан кінәлілер жауапқа тартылады.
«Мұндай тәсіл халықаралық стандарттарға және гендерлік теңдік принципіне сай келеді», – деп атап өтті Ластаев.
Айта кетейік, Ішкі істер министрлігі сталкинг жасаған адамды 5 жылға дейін бас бостандығынан айырып, оны орташа ауырлықтағы қылмыстар санатына ауыстыруды ұсынды.