
Туризм және спорт министрлігі Байқоңырды дамытуға ерекше назар салып отыр. Ведомство басшысы Ербол Мырзабосынов Байқоңыр кешенінде туризмді дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы бекітілгенін мәлімдеді.
Жаңа жоба бойынша, енді шетелдік туристердің ғарыш айлағына рұқсат алу мерзімі 10 күнге дейін қысқарады. Оларға Гагарин ұшқан алаң, монтаждап орнату және жанармай құю кешені мен динамикалық сынақтар стенді қызық болуы мүмкін деп жоспарлап отыр.
«Бұл кешеннің қолжетімділігін арттырып, туроператорларға зымыран ұшыруды көруге апару бағдарламалары мен ұшулар арасындағы бағдарламаларды дамытуға мүмкіндік берді», – деді Ербол Мырзабосынов.
2025 жылы Байқоңырға туристер тарту үшін 55 іс-шара жоспарланып, 150 мыңнан аса адам келді.
Мәселен, биыл Байқоңырда зымыран ұшқанын тамашалағысы келетіндер үшін арнайы тур ұйымдастырылды. Оның құны 300 мың теңгеден бастап 2 млн теңгеге дейін барды.